Жүйке ауруына шалдыққан. Мүгедектікке шығу оңай ма?

374

«Інімнің дертін растайтын анықтаманы ала алмай жүрміз». Параноидалды шизофрения ауруына шалдыққан Н. Қазыбектің туыстары редакцияға хабарласып, жағдайды баяндады. Айтуларынша, Қазыбектің жүйке жүйесі 2016 жылдың көктемінде ауыра бастаған. Диагноз қойылып, дерті анықталған. Қазыбек 2017 жылдан бері облыстық психикалық денсаулық орталығында тіркеуде тұр. Уақытылы ем-домын қабылдайды. Алайда, туған-туыстары Қазыбектің еңбекке жарамсыз екенін дәлелдей алмай келеді. Сол себепті де мүгедектікке шықпаған. Талай табалдырықты тоздырыпты. Бірақ, нәтиже шығар емес.

ӘБІГЕРГЕ ТҮСКЕН 2 ЖЫЛ…

Жүйке ауруына шалдыққа інісінің жағдайына алаңдап, шыр-пыр боп жүрген ағасы Н. Жанғали осылай деп күрсінеді. Оның айтуынша, отбасында 11 адам екен. Қазыбектен басқаларының мұндай жүйке ауры жоқ, дені сау. Ешбірінің жүйке жүйесінде ауытқу байқалмайды.
– Отбасында 9 баламыз. Әкем аяғын сылтып басатыны болмаса, денсаулығы жақсы. Анамның мінез-құлқында да ауытқу жоқ. Бәрі дұрыс. Бауырларымның психикасында ешқандай өзгеріс байқалмайды. Қазыбек те 9-сыныпқа дейін сап-сау еді. Алайда колледжге оқуға түскен соң бәрі өзгерді. Өз-өзімен сөйлесетінді шығарды. Үйден кетіп қалатын болды. Өзгелердің ойын оқитынын, адамдарды қашықтықта басқара алатынын айтып, бізді қорқытты. Дәрігерге қаратып, емдеттік. Түсініксіз қылықтарынан арылғандай болды. Алайда Алматыға жұмыс істеуге кеткенде дерті қозып, ауруханаға тағы түсті. Міне, содан бері 2 жыл өтті. Содан бері Қазыбектің денсаулығын түзетеміз деп алысып келеміз, -дейді Жанғали.
Жанғали ізінен ерген бауырларының жағдайына қатты алаңдайтынын айтады. Кедейшіліктің кебінен шыға алмай келе жатқан көпбалалы отбасы өте жұпыны тұрады. «Қу жоқшылық Қызыбектің түбіне жетті» деген Жанғали «жаман ауру енді басқа да інілеріме жабыспаса екен» деп тілейді.

БІР ЖАПЫРАҚ ҚАҒАЗДЫҢ «ЖЫРЫ»

Дерті меңдеген Қазыбектің денсаулығы күн өткен сайын нашарламаса жақсаратын түрі жоқ. Бұған көзі жеткен отбасы енді Қазыбекті мүгедектікке шығармақшы. Бірақ, бұл оңай шаруа емес екен.
Айтуларынша, емделіп жатқан мекемесінен, яғни облыстық психикалық денсаулық орталығынан Қазыбектің дертін растайын анықтаманы ала алмай келеді. Сол анықтамасыз медициналық-әлеуметтік сараптамалық комиссияға мүгедектікті тағайындау бойынша өтініш бере алмайды.
Орталық басшысына хабарласқанымызда, мәселені майшаммен қарайтынын жеткізді. Және заңға сәйкес, әрекет етіп көмек қолын созатынын айтты.
Ал, жүйке жүйелер ауруханасында есепте тұрған немесе емделетін науқастарға заңмен нақты не рұқсат етілгенін білу үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментіне хабарластық.

 

КОМИССИЯДАН ӨТУ КЕРЕК…

– Халықтың мүмкіндігі шектеулі топтарына тірек-қимыл қызметі не ағза функциялары бұзылған, ауру немесе жарақаттың зардабынан дефектілері бар, көру қабілетінен толық айрылған, есту мүшесі бұзылған адамдар жатады,-деп бастады әңгімесін департамент басшысының медициналық-әлеуметтік сараптама бойынша орынбасары Төрехан Дауытов.

– Науқас Қазыбек параноидалды шизофрениямен ауырады. Бұл аурудың пайда болу себебі әрі толық зерттелмеген. Десе де шизофрения әртүрлі жағдайдың, түрлі аурулардың адам психикасына әсер етуіне байланысты пайда болады деген ұғым бар. Ауру жоғары жүйке жүйесі қызметінің бұзылуынан туындайды. Кейде ұзақ, кейде ұстамалы түрде тез өтеді. Шизофрения кезінде сандырақ, галлюцинация, еліру, мелшиіп қозғалмай қатып қалу сияқты психикалық өзгерістер байқалады. Сондықтан да мұндай науқастар жүйке жүйелері ауруханасында ем-дом қабылдайды. Осы саланың мамандары шизофренияны емдеуге болатынын айтады, бірақ бұл кеселден толығымен айығу мүмкін емес. Бүгінгі таңда бұл ауру түрімен ауыратын көптеген пациенттер әдеттегі өмір салтын ұстанып, еңбекке араласып, отбасын құрып отыр. Олар дәрігердің қатаң бақылауында болып, жылына бір-екі рет ауруханада стационарлық ем қабылдайды. Арнайы дәрі-дәрмекті үзбей қолданады. Алайда ем қонбай, дерті асқынатындар да жоқ емес. Мұндайда дәрігерлер науқасты үздіксіз 4 ай емдейді. Оң нәтиже болмаса, медициналық-әлеуметтік сараптамалық комиссияға мүгедектікті тану бойынша жолдама береді. Мұнда мүгедек деп тану бойынша арнайы комиссия жұмыс істейді. Медициналық-әлеуметтік сараптама және медициналық ұйымдардың дәрігерлеріне консультациялық көмек ұсынылған құжаттарды қарау, куәландырылатын адамды тексеру, организм функцияларының бұзылуы мен тіршілік-тынысының, оның ішінде еңбек ету қабілетінің шектелуі дәрежесін бағалау МӘС бөлімі басшысының және кемінде 2 бас маманның қатысуымен алқалы түрде жүргізіледі. Егер комиссия мүшелері науқасты шын мәнінде де мүмкіндігі шектеулі, еңбекке қабілетсіз деп таныса онда мүгедектікке шығарылады,-дейді Төрехан Дауытов.

 

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментінің тел: 32-14-32

Абай аудандық МӘС (медициналық-әлеуметтік
сараптама) бөлімі –
32-48-68

Әл-Фараби аудандық
МӘС бөлімі –
47-84-49

Еңбекші аудандық
МӘС бөлімі –
32-53-17

Қаратау аудандық
МӘС бөлімі –
47-85-41

МҮГЕДЕКТІКТІҢ ІІІ ТОБЫ БАР

Мүгедектік мүмкіндігі шектеулі жанның жас ерекшелігіне және организімінде пайда болған өзгерістерге орай 3 топқа бөлінеді:

I топқа: Жарақат немесе кемістік салдарынан болатын организмдегі функциялардың тұрақты едәуір немесе өте айқын бұзылу белгілері байқалғандар;
II топқа: Жарақат немесе кемістіктер салдарынан болатын организімдегі функциялардың тұрақты айқын бұзылуы білінетін;
III топқа: Жарақат немесе кемістіктер салдарынан болатын организімдері функциялардың тұрақты орташа бұзылғандар жатады.

Жоғарыдағы үш топқа жататын мүмкіндігі шектеулі жандар өздерінің мүгедектігін куәландыру үшін міндетті түрде белгіленген уақытта қайта куәландырудан өтіп тұруы қажет.

Мүгедектік мерзімдері:
16 жасқа дейінгі балалар үшін – 6 ай, 1 жыл, 2 жыл, 5 жыл, 16 жасқа дейін;
16 жастан 18 жас аралығындағы жасөспірімдер – 6 ай, 1 жыл және 18 жасқа толға дейін;
18 жастан асқандар – 6 ай, 1 жыл, 2 жыл, 5 жыл немесе қайта куәландыру мерзімінсіз (өмір бақи).

Мүгедектікті қайта куәландырусыз:
18 жастан асқан адамдарға, қалпына келмейтін анатомиялық кемістіктер, организм функцияларының тұрақты, қалпына келмейтін өзгерістер мен бұзылулар болған кезде, толық көлемде жүргізілген оңалту іс-шаралары тиімсіз және мүгедектік тобы тұрақты болған кезде:
І топтағы мүгедекті кемінде 4 жыл,
ІІ топтағыларға 5 жыл,
ІІІ топтағы мүгедекті кемінде 6 жыл динамикалық қадағалаудан кейін, оңалту болжамы қолайсыз болғанда белгілейді.

ҚАЖЕТ ҚҰЖАТТАР…

ҚР «Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің 30 қаңтар 2015 жылғы №44 бұйрығына сәйкес, мүгедектікке шығу үшін:
* медициналық ұйымның жолдамасын (088/у нысаны);
* жеке басын куәландыратын құжатты;
* ауру динамикасын талдау үшін амбулаториялық картасы ғана керек.
Төрехан Дауытовтың айтуынша , қазір, мүгедектікті куәландыру процесі толығымен цифрлы жүйеде жүргізіледі. Және қағазбастылықты талап етпейді. Егер жоғарыда аталған 3 құжат дайын болса, куәландыру процесі 1 сағат алады.

ТҮЙІН: Маманнан білгеніміз осы. Кейіпкеріміз Қазыбектің мүгедектікке шығып, мемелекеттік оңалту шараларына қатысып, көмек алуға мүмкіндігі бар. Бұдан бөлек – тағайындалған тобына қарай жәрдемақы алуы да мүмкін. Жәрдемақы оның өз есепшотына түседі.
Осы тұста айта кетейік, медициналық сауықтыру мекемесінде жылдап жататын жүйке жүйесі ауруларына шалдыққан науқастардың да жәрдемақысы өз есепшоттарына түседі. Алайда қаржының 10 пайызы, науқастың керек-жарағы, күтіп-ұстауы мақсатында мекемеге аударылады.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №6, 6 ақпан 2020 ж

Бет қатталып жатқанда: Кейіпкеріміз Қазыбектің мәселесі Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бақылауына алынды. Басқарманың баспасөз қызметі хабарлағандай, Н. Жанғали інісі Н. Қазыбектің атынан есепшот ашып, жеке куәлігін мекеме басшылығына өткізіпті. Облыстық психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері аурухана тарапынан Қазыбектің қажет құжаттарын реттейтін айтты. Яғни, 10 ақпан күні орталықта арнайы комиссияның жұмысы басталады.
Бұл мәселе газет редакциясының бақылауында болады.