Platon.asia

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елімізде коронавирус инфекциясы анықталған жағдайға «Б» жоспары дайындалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Ең бастысы – елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған адам анықталған жағдайға дайын болу. Ол тұрғыда бізде «Б» жоспары бар. Ол жоспар әзірленіп, барлық мемлекеттік органмен мақұлданды. Бұл жоспардың негізі – Қазақстан аумағында инфекцияның таралуын барынша шектеу. Қазіргі уақытта барлық мемлекеттік органмен, әкімдікпен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр», — деді Елжан Біртанов бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында.

Министр өз сөзінде коронавирус инфекциясы бойынша жағдай толығымен бақылауда тұрғанына сендірді. «Дүрбелеңге берілудің ешқандай негізі жоқ. Бізді алаңдатып тұрған негізгі проблема – жалған ақпараттардың таралуы. Сол себепті барлық ақпаратты тек министрліктің ресми сайтынан бақылап отыруды өтінемін», — деді ол.

Айта кетсек, коронавирусқа қатысты жалған ақпараттың таралуына – Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов та алаңдаушылық білдірген еді. Сондай-ақ ол Үкімет коронавирусқа қатысты жағдайды бақылауда ұстап, тиісті шараларды қабылдап жатқанын айтып берді. Коронавирусқа қатысты жалған ақпараттардың бірі өткен демалыс күндері Жамбыл облысында тараған болатын.