Шымкентте үлкен мерекеге дайындық қызу жүргізілуде

219

Шымқала үлкен мерекеге дайындық үстінде. Наурыздың 20-на «Шымкент 2020 – Достастықтың мәдени астанасы» іс-шарасының ашылу рәсімі Қажымұқан стадионында өтпек.

Спорт кешеніне барар жолдағы Абай саябағындағы Даңқ мемориалы,Қайрат Рысқұлбеков көшесінің бойын көгалдандыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. «ЛТД Тұрмыс» серіктестігінің 50 – ден астам жұмысшысы демалыс орнымен шекаралас аймақты гүл егіп, көгал төсеуге дайындап жүр.

«Шымкент ТМД-ға мүше елдердің мәдени астанасы мәртебесіне сай болуы үшін тұрғындары да мәдениетті болуы тиіс» деп есептейді коммуналшылар. Жасыл желек, жайқалған гүлдердің күтіміне жауапты мамандар жерлестерін Шымқаланың шырайлануына үлес қосуға шақырады. «Көгалды таптап, гүлдерді жұлып, темекі пластикалық ыдыстар тастап кетеді. Ол үшін арнайы жәшіктер бар. Шымкент мәдени астана болғандықтан осы атауға лайық болуымыз керек. Тұрғындарды тазалықты сақтауға ат салысуға шақырамыз» дейді жұмысшылар.

«Шымкент 2020 – Достастықтың мәдени астанасы» іс-шарасының ашылу рәсімі Қажымұқан стадионында 20-шы наурызда өтпек. «ТМД-ның мәдени астанасы» мәртебесін ресми тапсыру салтанатына, өнер жұлдыздарының мерекелік концертіне арналған сахна құрылып, стадион аумағы да абаттандырыла бастаған.

Қарашаның соңына дейін жалғасатын меркелік іс – шаралардың арасында ТМД елдеріннен келетін командалар қатысатын Әуе шарларының «ASHYQ ASPAN III» Халықаралық фестивалі, ТМД елдерінің «Жібек жолы» қолөнер шеберлерінің көрмесі, фотосуретшілерінің көрмесі, Шәмші әндерінің байқауы, Қазақстандағы ресейлік фильмдердің апталығы аясында КСРО халық артисі Василий Лановоймен кездесу өтеді.

ТМД елдерінің театр фестивалі, Әл Фарабидің 1150 жылдығына орай «Шымкент – қайырымды қала» ғылыми -тәжірибелік конференциясын ұйымдстыру жоспарда бар.

Шынар Оразова