Úı ANONS Жаңа жылдық шыршалар қаланы көгалдандыруға пйадаланылуда

Жаңа жылдық шыршалар қаланы көгалдандыруға пйадаланылуда

Биыл Шымкентте жаңа жылдық мерекеге орай өзге өңірден табиғи шыршалар әкелінген болатын. Енді бұл ағаштарды қала көшелеріне еге бастады. Қазір мамандар тамырымен келген қылқанжапырақтыларды арнайы белгіленген орындарға отырғызып жатыр. Мақсат — мерекеде сән болған ағаштарды сақтап қалу және қаланы көгалдандыру.

Жаңа жылда Шымкенттің басты сәні болған жасыл шыршалар мерекеден кейін де қала тұрғындарын қуантуын жалғастырмақ. Өскеменнен тамырымен арнайы қазылып  әкелінген қылқанжапырақтылар қала көшелеріне отырғызылды. Атап айтқанда, 23 түп ағаш Темірлан тас жолының бойына егілді.

«Сәл жоғарырақ көтереміз. Мына бойы бір метрден асатын жерлерін кесеміз, сонда нағыз сұлу болып өседі».

Агроном Қырқынбай Оразалиевтің айтуынша, қалада мұндай тәжірибе бұған дейін де болған. Дендросаябақтың ашылуы кезінде де Алматыдан әкелінген ағаштар дәл осы әдіспен егіліп, басым бөлігі жерсініп кеткен. Мамандардың сөзінше, био-қоспалармен уақтылы қоректендіріп, жүйелі күтім жасалса, бұл ағаштар қала экожүйесіне тез бейімделеді.

ҚЫРҚЫНБАЙ ОРАЗАЛИЕВ, АГРОНОМ: «Астына дәрі береміз. Өсіру үшін. Өйткені бұл үлкен, егер дәрі беріп күтімін жасамасақ  болмайды. Бұның жерсінуін енді айта алмаймыз. 80-85 пайыз болады. Бірақ бәрібір де күтім қажет . Әсіресе жазда, күніне болмаса да күнәра құю керек».

Мегаполиске барлығы 80 түп шырша әкелінген. Енді оларға Жайлы ортаны дамыту басқармасының қызметкерлері жауапты болады. Жаз айларында ағаштарды суару жұмыстары арнайы бекітілген кесте бойынша жүргізілмек. Мамандар басқа да  шыршалардың қай жерлерге егілгенін де айтып өтті.

АЙДОС ҚУАНЫШОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: «Аталған шыршалар Өскемен қаласынан демеушілер есебінен келген болатын. Бұл шыршалар қазір Атлантта, Бәйдібек би, Қонаев даңғылдарында және осы Темірлан тас жолында егілуде».

Көп жылдан бері алғаш рет Шымкент көшелерін жасанды емес, табиғи шыршалар безендірді. Мерекеден соң жерсіндірілген бұл ағаштар енді мегаполистің жасыл қорын толықтырмақ.