Бағдарлама бойынша баспаналы болғандар ипотекалық несиені кешіктіріп төлей алады

430

Төтенше жағдай кезінде Қазақстан Ұлттық банкі де жеңілдіктер жасайтын болды. «7-20-25» және «Баспана-хит» бағдарламасы бойынша үй алған салымшылар енді ипотекалық несиені кешіктіріп төлей алады. Қарызды 3 айға шегеріп төлеу мүмкіндігі тек ипотекалық несие алғандарға емес, жеке кәсіпкерлерге берілмек.

«7-20-25» және «Баспана-хит» бағдарламасы бойынша үй алған борышкерлерге мүмкіндік берілді. Төтенше жағдайда табысынан айырылған олар енді берешегін 90 күннен кейін төлей алады. Ол үшін азаматтар өздері үй алған банкке хабарласуы керек. Шегеру уақыты 16 наурыздан басталады. Айта кетейік, 3 ай аралығында оларға өсімпұл немесе айыппұл салынбайды.


Бақыт Әлімбекова, «Ұлттық банктің» Шымкент қаласы филиалы директорының орынбасары: «Бұл шегеру несие тарихына еш әсерін тигізбеуі керек. Кейінге қалдыру негізгі борыш бойынша да, сыйақы бойынша да көзделген. Осыған байланысты, қызмет көрсететін банкпен келісім бойынша мерзімі ұзартылған кезеңді кестенің соңына көшіре отырып, төлемдер кестесін реттеу немесе қарыз алушының қалауы бойынша қолданыстағы кестеге ай сайынғы жарналарды ұлғайтуы болу қажет».

Коронавирустың кесірі ел экономикасына да тимей қойған жоқ. Төтенше жағдай енгізілгелі Қазақстандағы ірі және шағын бизнес тоқтатылған еді. Салдарынан карантин біткенде олардың қайта аяқтан тұруы сұрақ болып тұр. Сол үшін Ұлттық банк кәсіпкерлерге де 12 айға 8 пайызбен несие бергелі отыр.

Бақыт Әлімбекова, «Ұлттық банктің» Шымкент қаласы филиалы директорының орынбасары: «Бағдарлама қазірдің өзінде іске қосылды. Несие беру рәсімін банктер олардың ішкі несие саясатына сәйкес жүзеге асырады. Сонымен қатар, бағдарлама операторының банктердің өтінімдерін мақұлдау тетігі 2 жұмыс күнінен аспайды. Банк оператор өтінімді мақұлдағаннан кейін, 5 жұмыс күні ішінде Қарыз алушыға ақша аударуға міндетті».

Кәсіпкерлерді қолдауға 600 млрд. теңге бөлінген. Оны екінші деңгейлі банктер жүзеге асырады. Бағдарлама қазірдің өзінде іске қосылды.

Назерке Үкібасова