Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдаймен күреске қосымша күш тартылуда.
Түркістан облысынан 55 қызметкер 21 мотопомпа, 6 техника, Жамбыл облысынан 50 маман, 8 техника, 3 қайық, 15 мотопомпа келсе, Шымкент қаласынан 40 адам, 8 техника, 10 мотопомпа, 2 қайық, Қызылорда облысынан 45 қызметкер, 6 техника, 4 қайық, 10 мотопомпа келді.
Сондай-ақ Алматы қаласынан Ұлттық Гвардияның 28237 әскери бөлімінен 160 маман, 15 техника Мақтааралға жолға шықты.
Оқиға орнында жалпы жиыны жеке құрамның 350 қызметкері, 43 техника, 9 жүзу құралы, 56 мотопомпа жұмыс істемек.
Атап өтейік, 2 мамырда шұғыл түрде Мақтаарал ауданында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, жедел штаб құрылды.
Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 986 адам, 10 дана жүзу құрылғысы, 180 дана техника жұмылдырылды.