Онлайн соңғы қоңырау қалай өтті?!

79

Шымкенттің оқушылары үшін бүгін онлайн соңғы қоңырау соғылды. Карантин режимінің созылуына орай мектеп түлектеріне де білім ұясымен үйінде отырып қоштауға тура келді.

Төртінші тоқсаннан бері қашықтықтан оқып жүрген олармен қаланың бас ұстазы да байланысқа шықты. Бұрын-соңды қашықтықтан қоштасу рәсімі алдағы сюжетте.

Бұл соңғы қоңырау бұрынғыдан өзгерек. Әдетте оқушылар 25 мамырда ақ бантигін тағып, ақ жейдесін киіп, шоқ гүлімен мектепке шықса, бүгін тікелей эфирге шықты. Төртінші тоқсаннан бері бір-бірімен онлайн жүздесіп жүрген олардың қатарында бұл жолы қаланың бас ұстазы да бар.


Жанат Тәжиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Сендер үшін бүгін өте жауапты күн. Әрине маңызды сәттің дәл осылай өтіп жатқанына өкінерсіздер. Бірақ, бұл сіздерге ой түюге мүмкіндік береді. Жаһанды жайлаған дертпен күрестің жаңа жолын табарсыздар. Біріңіз ғылым саласын, біріңіз медицина саласын зерттеп, дамыту арқылы».


Соңғы тоқсанды үйден оқыған оқушылар осылайша мектеппен де қашықтықтан қоштасуға мәжбүр. Карантин режимі олардың қоштасу вальсін билеуге, ашық аспанға шар ұшыруға тосқауыл болғанымен, ұстаздарына алғыс айтуға кедергі болған жоқ. Тіпті соңғы қоңыраудың қалыпты дәстүрін бұзбау үшін олар камера алында ән шырқады.


Айта кетейік, онлайн соңғы қоңырауға тек үздік оқушылар мен бас ұстаз емес, өзге мұғалімдер де қатысты. Шәкірттерімен эфир арқылы жүздескен олар соңында ақжарма тілектерін білдірді.

Осылайша биылғы соңғы қоңырауда мектептер қаңырап бос тұрды. Тікелей эфирде өткен түлектер үшін маңызды күн соңында онлайн қоңырау соғылды.

Назерке Үкібасова