Шымкентте 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында футболдан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтіп жатыр. Қазақстан футбол федерациясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан дүбірлі дода балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға, талантты ойыншыларды анықтауға және ұлттық құрамаларға лайықты резерв қалыптастыруға бағытталған. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген командалар бақ сынап жатқан турнир жас футболшылар үшін үлкен мүмкіндік алаңы саналады.
Өйткені бұл жарыс олардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, футбол академиялары мен кәсіби клубтардың бапкерлеріне өз мүмкіндіктерін көрсетуге жол ашады. Кезекті турда Шымкент қаласындағы №17 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері Павлодар құрамасымен кездесті. Тартысқа толы матчта екі команда да аянып қалмай, жеңіс үшін бар күш-жігерін жұмсады.
РАУАНБЕК ЕЛІСБЕК, ФУТБОЛШЫ: «Бүгін біз тек жеңісті мақсат еттік. Бірінші тайм оңай болған жоқ. Дегенмен ойын тізгінін өз қолымызға алып, допқа көбірек иелік ете алдық. Алдағы уақытта да ойын сапасын жақсартып, жоғары нәтижелерге жету үшін аянбай еңбек етеміз».
Мамандардың айтуынша, чемпионаттың негізгі мақсаты, мықты команданы анықтау ғана емес, жас футболшылардың жан-жақты дамуына жағдай жасау. Осындай жарыстар арқылы спортшылар тәжірибе жинақтап, шеберліктерін арттырып, жоғары деңгейдегі футболға қадам басуға дайындалады.
ФАРХАД ИРИСМЕТОВ, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ: «Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жақсы нәтиже көрсетеміз деп сенеміз. Барлық командалар жоғары деңгейде дайындалған және жеңіске деген құлшыныстары ерекше. Біздің басты артықшылықтарымыздың бірі – табиғи алаңда ойнау тәжірибесі. Балалар өз мүмкіндіктерін толық көрсетеді деп үміттенеміз. Негізгі мақсатымыз – тек осы турнирде нәтиже көрсету емес, кәсіби футболға лайықты ойыншылар тәрбиелеу. Қазірдің өзінде бірнеше тәрбиеленушіміз түрлі академиялар мен өңірлік клубтардың намысын қорғап жүр. Болашақта оларды Қазақстан Премьер-лигасы командаларының сапынан көргіміз келеді».
2011 жылы туған футболшылар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты 21 маусымға дейін жалғасады. Ал шымкенттік жас футболшылар Павлодар командасын 2:1 есебімен жеңіп, маңызды үш ұпайға қол жеткізді. Енді олар Тараз құрамасына қарсы алаңға шығып, турнир кестесіндегі көшбасшылық орындар үшін күресті жалғастырады.






