«Сүйген жігітім алаяқ боп шықты»

312

«Алаяқтарға алданып қалмаңыздар» деп жанайқайын жеткізген кейіпкеріміз солардың құрбаны болғанын айтады. Сенімге кіріп, сосын арам ойын жүзеге асыратын адамдарды қалай тану керек екенін сұрап, психолог кеңесіне жүгінген. Кейіпкер хикаясын жазып алып, қаз-қалпында жарияладық.

Сәлеметсіздер ме?
Ойлана келе «газет бетіне бастан өткен оқиғамды жариялайын» деп шештім. Мұндай шешім қабылдауыма себеп: менің басымнан өткен оқиға таныс әпкеміздің қызының өмірінде де қайталанды.
Әңгімемді әріден бастасам. Менің жасым 28-де. Мұғалім боп қызмет етемін. Әлі тұрмысқа шықпадым. Тұрмыс құратын кезімде басымнан асатын қарызым жеткілікті еді. Қарыздарымды өтеп болғанша жасым да келіп қалды.
Қазір болашақ жарыма деген таңдауым жоғары. Таныспақшы болған жігіттер мойнымдағы кредитімді естігенде табандарын жалтырататын. Қайта жүзін көрмейсің, өйткені оңбай алданған едім.
22 жасымда бір жігітпен таныстым. Танысуымыз өте қызық болды. Автобусқа мініп, жұмыстан үйіме қайтып келе жатқанмын. Бір кезде түсетін аялдамаға жақындағанда есік алдына қарай жақындадым. Кешкі уақыт. Бәрі жұмыстан үйіне қайтатын кез. Адам көп болады. Есіктен түсіп, сөмкеме қарасам, ашық тұрды. Жалма-жан қарасам, әмияным жоқ. Айлығымды алып келе жатқан едім. Не істерімді білмей автобустың артынан жүгірдім.
Енді жүріп бара жатқан еді. Кондуктор балаға ақша салатын әмияным жоқ екенін оны осы жүргіншілердің бірі алғанын айтып, бәрін тексеруін өтіндім. Арасында әрекетіме қарсы шығып, «затыңа ие болмайсың ба?» деген пікірлерді де естіп тұрдым.
Сол жігітпен бірге мен де адамдардың қасына барып, сөмкелерін көрсетуін өтініп тұрдым. Егде жастағы бір апай «жас қыз ғой, сөмкелеріңді көрсете салыңдар» деп өз ойын айтып жатты. Бірақ автобус ішіндегі адамдардың ешқайсысынан әмияным табылмады. Жыладым.
Ақыр соңында жолаушылар: «жүреміз» деп шулаған соң кондуктор жігіт түсіп қалуымды сұрады. Жүре бергенде қайда барамын? «Әмиянымды алған адам менімен бірге түскен немесе менің затымды алған соң менен бұрын түсіп кеткен» деп ойладым. Сөйттім де жылаған күйі автобустан түсіп қалдым.
Сол кезде бір жігіт жаныма келді. «Үйіңізге жететін ақшаңыз бар ма? Сізді жеткізіп салайын. Бұл дүниенің соңы емес қой» деп сондай жылы сөйлеп, көңілімді аулап жатты. Үйіме онсыз да келіп қалған едім. Жақын жерде екенін айтып, алғысымды білдірдім.
Ол сонда да мені жалғыз қалдырғысы келмеді. «Қанша ақшаңыз бар еді, көп па?» деп сұрақ қойды.
90 мың теңге айлығымның бәрі кеткенін айтып тағы жыладым. Ол мені жұбатып, үйіме жеткізіп салды. Жолай бір полиция досы бар екенін айтып, егер құжаттарыңыз табылып жатса, әкеп беруі үшін нөмірімді алды. Мен де еш ойланбастан телефон нөмірімді бердім.
Анама ақшамды ұрлатып алғанымды айттым. Анам да мұңайды. Бірақ мені сабырға шақырып, сол айда қарайласып тұратынын айтты.
Ертеңінде әлгі жігіт әмияным бір қоқыстың жанынан табылғанын айтып, құжаттарымды әкеп берді. Құжаттарым табылғанына қуандым. Өйткені, ақша жоқ кезде оларды да қайта жасату қиын.
Осылайша біз жақын араласып кеттік. Ол менің жағдайымды білу үшін күнде смс жазатын, қоңырау шалатын. Уақыт өте мен оған бауыр басып қалдым. Айтуынша, ол жеке кәсіпкер еді. Нақты қандай кәсіппен айналысатынын да ашып айтпапты. Мен де сұрағаным жоқ.
Біз кездесіп жүрдік. Мені кафелерге апаратын. Арасында концерттерге, киноға баратын едік. Осылай жүргенімізге 2 айдай уақыт болды. Ол арманындағы қызды кездестіргенін айтып, маған сөз салды. Мен де келісе кеттім.
Қыз-жігіт болып жүрген соң бір айдай уақыт өткенде әдеттегідей киноға бардық. Содан шығып тамақтанып отырғанымызда тез арада 500-600 мың теңге керек екенін, есепшоты банк жағдайына байланысты бұғатталып қалғанын айтты.
Тек бір аптадан кейін бұғаттан шығарылатынын, осы аралықта қалай да ақша табу керек екенін айтты. Түріне қарасам, қатты уайымдап отырған болып көрінді.
Ойыма ештеңе келмей, «таныстарың, достарыңнан ала тұрсаңшы» десем, олардың көбінде мұндай қаржы жоқ екенін, ақшасы барлары мұны көре алмайды деп күрсінді. Бар ойым: «оған қалай көмектессем екен» деп ойладым.
«Менен қандай көмек керек, қолымнан келгенше аянып қалмаймын» дедім.
Ақыры үйленеміз ғой. Кез келген қиын жағдайда жанында болғым келетінін де айттым.
Ол алғашында: «Ой, сен араласпа. Бәрін өзім шешемін» дегенімен кейін келе кредит алып беруімді өтінді.
«Ешкімге айтпай 500-600 мың теңге кредит алып бер, 1 аптадан кейін несиені жауып беремін» деді. Шынын айтсам, бір сәт де ойланбадым. Санамда титтей де болса күмән тумады.
Құжат реттеп, 2 күннің ішінде оған 500 мың теңге кредит алып бердім. Сол кредитті алған соң, ол Астанаға баратынын, бір жетіден кейін келіп, қарызымды жабатынына сендірді.
Сол кеткеннен қайтып көрмедім. Оңбай алдандым. Іздедім. «Достарым» деп таныстырғандарды тауып, олардан оның қайда екенін сұрастыра келе, оның алаяқ екенін білдім. Бір досынан да 150 мың теңге алып жоқ болыпты. Айтуларынша, Астанада жүрген көрінеді.
«Отбасына барып айтайын» десем ұялдым, өйткені оған қарыз алып бергенімді ешкімге айтпағанмын. Оның әке-шешесінен менің ата-анам білсе, нағыз ақымақ болар едім. Қатты күйзеліске түстім.
2 жыл уақытпен берген кредитті ай сайын 45 мыңнан төлейтін болдым.
Бір қуантарлығы – үйімдегілер менің табысымды есептеп жатпайтын. Басында бірнеше ай төлемей қойдым. «Ол ақымақты тауып, өзіне төлетемін» деп ойладым. Сотқа да бере алмадым. Отбасымның біліп қоюынан қатты қорықтым. Әрі танысқанымызға 2-3 ай ғана болған жігітке алданып қалғанымды ешкім білмеуін қаладым.
Тіпті бар сырымды бөлісетін туған сіңліме де айта алмадым. Ақыр соңында проценті көбейе бастаған соң амалым қалмады. Өзім төлей бастадым. «Жігіт» деп атауға келмейтін алаяқты сол күйі таппадым.
Міне, небәрі 22 жасымда алдымнан кездескен жігітке ғашық болып, оған оңбай алданған ару мен боламын. Оның қарызын екі жылдан аса төледім. Басында өтей алмай, бірнеше ай қосып алдым. Сөйтіп жүргенде ешкіммен таныспадым. Жігіттерден көңілім қалды. Кейде «мүмкін автобуста әмиянымды алған да сол шығар» деп ойлаймын. Әмияным жоғалғанынан бір күн өтпей құжаттарымды тауып, әкеліп берді.
Сол кезде оны сұрақ астына алмаппын. Дұрысы білмегенмін ғой. Аңқау басым арамзаға сеніп, құжаттарымның табылғанына мәз болып жүре бергенмін.
Айлығымның тең жартысын қай-қайдағы бір алаяқ алып кеткен кредитімді жабуға беріп отырдым.
Оны содан кейін көрген емеспін. Қарызымнан құтылған соң да ешкімге сенбейтін болдым. Сөйтіп жүргенде жасым да келіп қалды. Қазір жалғызбастымын.
Жақында ғана әпкемнің қызы бір жігітке алданып, 200 мың теңге кредит алып бергенін айтып, жылады.
«Қыздарды қиын, қу» деп айтады ғой. Жоқ, олардың арасында да сенгіш аңқаулары бар. Біз – солардың қатарынанбыз.
Мен кезінде сондай болғаныммен қазір көзім ашылды. Адамдардың ниетін байқап тұрамын. Сіңліме қайта аз ақша алып бергенін, енді қорықпай сотқа беру керек екенін айттым.
Қыздар, «кредит алып бер» деген жігітке ешқашан ермеңіздер, сенбеңіздер, кредит әпермеңіздер. Сені шын сүйген адам саған сондай өтініш жасамайды.
Сондықтан сақ болыңыз!
«Оңтүстік Рабат» газеті арқылы хикаямды жария ете отырып, «Психолог бұрышы» айдарына жүгінгім келеді.
Пиғылы арам алаяқ адамдардың мінез-құлқы қандай болатыны, оларды қалай тану керек екені туралы психологтан кеңес сұрағым келеді.
Бұл барша қыздар қауымына пайдалы болар еді!

Жазып алған  — Ж.Хумар

«Оңтүстік Рабат», №19-20, 13 мамыр 2020 ж