Шаруаларды сандалтқан сертификат

152

«Фитосанитарлық сертификат сандалтты». Көршілес елдерге ауылшаруашылық өнімдерін экспорттайтын мақтааралдық шаруалар осылай шағынды. Шетелдерге тауар сатуға рұқсат беретін құжаттарын ала алмағандықтан олар Шымкенттен шыға алмай қалды. Құзыретті инспекция өкілдері мұны базадағы түйіткілдермен байланыстырады.

Алыс-жақын шетелдерге көкөніс пен жеміс-жидек таситын шаруалар Шымкенттің шыға берісіндегі осы аумақта тұралап қалды. Фитосанитарлық сертификаттары жоқ болғандықтан олар ешқайда шыға алмайды. Тұрған сайын шығындарымыз да артып барады деп шырылдайды шаруалар.

Мұндағы қаңтарылған жүк көліктерінің ұзын саны 30-ға жуықтайды. Кілең тез бұзылатын өнімдер артылған. 18 тонна қырыққабат пен 2 тонна қызылша артып Ресейді бетке алған Латифша Біләлов тіпті Шымкенттен де шыға алмай тұр. Тұрған сайын тауарлармыздың бағасы да түсіп кететін болды деп уайымдайды.

Латифша Біләлов, дихан: «Базарға барғанда балғынын аласыз ғой өзіңіз де. Тез жібермесек, бәрі бүлінейін деп тұр. Жағармай да кетіп жатыр».

Бір құжаттың соңында бірнеше күн бойына жүрген шаруалар бүгін Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекцияға келді. Жауаптылардың жүрдім-бардым әрекеттерінен әлекке түскен дихандар шу көтерді. Отандық жеміс-жидекті Ресей, Беларусь және Шығыс Еуропаға тасымалдайтын дихандар сертификат мәселесін тез арада шешіп беруді талап етті.

Шаруалары бір ғана құжатқан байланған дихандарға жауаптылар мәселенің мән-жайын түсіндірді. Айтуларынша өтінімдердің көптігінен құжаттар тіркелетін республикалық база жиі сыр береді екен. Айналасы 10-15 минут ішінде рәсімделетін құжатты жасауға сағаттап уақыт жұмсайтындарын айтады. Маман тапшылығы да қолды байлайды дейді.

Әбдібақыт Мақұлбаев, Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекция басшысы: «Бізде 4 инспектор жұмыс істейді. Жеткіліксіз. Ал база Астанадағы орталықта жасақталған. Қазір қосымша мамандар тартылып жатыр».

Бүгіннің өзінде дихандардан 200-ден астам өтінім түсіпті. Маусым қызған сайын сыртқа тауар экспорттайтын шаруалардан түсетін өтініштер саны да артып келеді екен. Тез бұзылатын тауарлардың діттеген жерге жетуін тездету үшін еліміздің өзге аймақтарындан қосымша мамандар жұмылдырылыпты.

Мақпал Рысбаева