Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің бастамасымен Түркістан-Кентау өткізу блок-бекетіндегі тәртіптің қатаң сақталуына мониторингтік бақылау жұмыстары жүргізілді.
Мониторингтік топтың құрамында Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай, облыстық «Нұр Отан» партиялық бақылау инспекторы Асқар Еркінбеков, Арнайы мониторингтік топ мүшелері мен «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджерлері, сондай-ақ қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері болды.
Бақылау жұмыстары барысында топ мүшелері медицина мамандары мен тәртіп сақшыларының және әскери қызметкерлердің қала тұрғындарының саулығы жолында қас қақпай қызмет етіп жатқандығына көз жеткізді.
Сондай-ақ, Түркістан қаласы әкімдігінде орналасқан ситуациялық орталыққа арнайы барып, бейнебақылау камералары арқылы қала аумағында қойылған барлық блок-бекеттердің жұмыс істеу тәртібі мен талаптардың қатаң сақталу барысымен танысты.
Айта кетсек, аталған орталықта түрлі сала мамандары (төтенше жағдай, полиция, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін бақылау мекемесі, денсаулық сақтау т.б) қала тұрғындарының тарапынан соғылған үздіксіз қоңырауларға тәулік бойы жауап беріп отырғандығы белгілі болды.
Десе де, Түркістан-Кентау өткізу блок-постын зерделеу жұмыстары кезінде бірқатар кемшіліктер анықталды.
Атап айтсақ, аталмыш блок-бекетте Түркістан қаласынан Кентау қаласына бағыт алған жолаушылардың рұқсатнама қағаздары жүйелі түрде тексерілмейтіндігі және бекеттен тысқары жатқан аймақтан өтіп жатқан қозғалысқа бақылаудың жүргізілмейтіндігі байқалды.
Бұл бойынша полиция және әскери қызметкерлерге ескерту жұмыстары жүргізіліп, режимге сәйкес жұмыс атқару бойынша бірқатар ұсыныстар айтылды.