Карантиннің салқынын алматылықтар мен түркістандықтар қатты сезген. Табысынан айырылғандардың дені Алматы мен Түркістан облыстарынан тіркелген. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді.
Ведомство басшысы жыл басынан бері әлеуметтік салада атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы уақытта қазақстандықтардың тұрмысын түзеу үшін қолға алынып отырған жоспарлармен де бөлісті.
«Елімізде төтенше жағдай кезінде 6 млн-ға жуық адам мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек алған. Мұны жұмыспен қамту органдарына тіркелген тұлғалар санына байланысты қадағалап отыруға болады екен. Аталған органдардың дерегіне сәйкес, жұмыссыз ретінде тіркелгендердің пайыздық үлесі Түркістан мен Алматы облысында жоғары болып тұр», — деді министр.
Айтуынша, сауда және қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін адамдардың көпшілігі төтенше жағдай кезінде кіріссіз қалған. Ведомство басшысы жұмыссыздық әсіресе еліміздің ірі қалаларында байқалды дейді.
Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі: «Карантин шектеулеріне, індетке байланысты жұмысынан айырылған адамдарды бағалау тұрғысынан алар болса, онда сауда және қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін адамдардың көпшілігі табыссыз, жұмыссыз қалды. Ал олардың басым бөлігі Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында тіркелген».
Ал төтенше жағдай режимі кезінде жұмыссыз қалған азаматтарға төленген 42 500 теңге әлеуметтік көмек енді ешкімге берілмейді. Біржан Нұрымбетов мұны қадап айтты. Себебі, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаржылық мүмкіндігі шектеліп отыр екен. Егер ахуалға байланысты қандай да бір төлемдер жасау қажеттілігі туындап жатса, онда басқа қаржы көздері табылып қалар», — деп халықты екі ұдай ойда қалдырды.
Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі: «Енді 42 500 теңге төленбейді. Оны жоспарлап та отырған жоқпыз. 42 500 әлеуметтік төлеміне бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының активтерін сату есебінен түскен қаражат пайдаланылған болатын».
Елімізде бір адамға шаққанда халықтың табысы 59 мың теңгеден аспай отыр. Құрылыс саласындағы еңбекақы Қазақстандағы орташа жалақыдан 22% жоғары. Жұмыс істеп жүрген азаматтардың 77 пайызы 200 мың теңгеден де төмен жалақы алады екен.
Былтырдан бері бізде ең төменгі жалақы 42 500 теңгені құрайды. Мұның өзі де аз деді Біржан Нұрымбетов. Дегенмен, еңбекақыны көтеру қазіргідей дағдарыс кезінде бюджетке әжептеуір салмақ болады. Министр «алдағы жылдары біз ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен арттырамыз»,- деп сендірді.
Мақпал Рысбаева