Елордада журналистердің бейбіт жиындар кезіндегі қызметтік Қағидалары талқыланды

221

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның төрағалығымен журналистің бейбіт жиналыстар кезіндегі қызметтік Қағидаларын онлайн-талқылау өтті.

Онлайн-талқылауға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдері, республикалық және өңірлік БАҚ, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың басшылары қатысты.

Іс-шараны «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Қағида «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа Заңды іске асыру шеңберінде заңнамаға енгізілген соңғы түзетулерге сәйкес әзірленді. Онлайн-талқылау басталмас бұрын А.Балаева аталған Қағидалар жергілікті атқарушы органдар мен БАҚ-тың өзара іс-қимыл тәртібін анықтау үшін, сондай-ақ, бейбіт жиналыстар өткізу орындарында өздерінің кәсіби қызметін жүзеге асыру кезіндегі журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет екенін атап өтті.

«Журналистің кәсіби қызметін алаңсыз атқаруы мақсатында жергілікті атқарушы органдар БАҚ қызметкерлеріне арналған жедел баспасөз-орталықтарымен қамтамасыз етеді», — деп атап өтті ол.

Министр жаңа Қағидада жергілікті атқарушы билік өкілдерінің БАҚ-пен өзара іс-қимылы бойынша функциялар енгізілгенін, сондай-ақ ерекшелік белгілерінің түрлерін бекіту қарастырылғанын айтты. Онлайн-талқылау барысында «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Т. Қалеева, Informburo.kz ақпараттық порталының бас редакторы М. Дорофеев, Internews Network Қазақстандағы өкілдігінің заңгері О.Диденко, «Алматы» телеарнасының бас директоры Н. Мұхамеджанова, «Человек и закон» газетінің бас редакторы М. Бәшімов, «Отырар» медиахолдингінің директоры Әйгерім Жұмақұлова өздерінің нақты ұсыныстары мен ескертпелерін жеткізді.

Сөз сөйлегендер ерекше белгілердің түрлеріне, жедел баспасөз орталығының аумағында да, одан тыс жерлерде де журналистердің еркін жүріп-тұруын қамтамасыз етуге, редакциялық тапсырманың болуына, жергілікті атқарушы органдардың өкілдеріне де осы Қағиданың ережелерін түсіндірудің маңыздылығына қатысты өз пікірлері мен ұсыныстарын айтты. Жалпы талқылауға ұсынылған Қағида жобасын кездесуге қатысушылар толық қолдады.

Онлайн-талқылауды қорытындылай келе, А. Балаева ҮЕҰ мен өңірлік БАҚ өкілдерінің барлық ұсыныстары мен ескертулері егжей-тегжейлі зерделенетінін және ескерілетіндігін, ал жоба ары қарай талқылау үшін нормативтік-құқықтық актілердің ашық порталында жарияланатынын атап өтті.