Педофильдердің құрбаны болған бүлдіршіндердің 70 пайызы өз үйінде зорланған

1314

Төтенше жағдай режимінде де педофильдер залымдығын тоқтатпаған. 5 айдың қорытынды есебін берген Ерлан Тұрғымбаев осылай мәлімдеді.

Сөзінше, ересектерден зәбір көретіндердің 70 пайызы үйінен шықпай-ақ зорлыққа ұшыраған. Бүлдіршіндерге негізінен өз әкелері, не өгей әкелері, туған-туыстары мен әке-шешесінің достары қысым көрсететін болып шықты.

Алыстан келмеген жаудың қорлығына кішкентайлар үнсіз шыдап жүре берген. Немесе жанұядағы қылмыстың бұл түрі көпшілікке жасырын күйде қалып қоятыны анықталды.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі: «5 айдың ішінде ересектердің бүлдіршіндерге жасаған зәбір көрсетуі бойынша 879 факт тіркелді. Оның 402-сі зорлау. Жалпы карантин кезінде зорлау қылмысының 70 пайызы кішкентайларға үйінде жасалғаны анықталды. Оларға негізінен өз әкелері, не өгей әкелері, туған-туыстары мен ата-анасының достары жыныстық сипаттағы зорлық көрсеткен».

Қала берді карантин режимінде өз-өзіне қол салатын жеткіншектер көбейген. Олардың суицидке баруына көбіне отбасындағы жанжал себеп болады екен. Жыл басынан бері Қазақстанда 58 жасөспірім өзін өлімге қиған. Ал, ана дүниеге аттануға ұмтылғандары – 137.

Назерке Үкібасова