Сенат сайлауы: Түркістан облысы мен Шымкенттен қанша үміткер тіркелді?

505

12 тамызда өтетін Парламент Сенатының депутаттығына үміткер ретінде осы күнге дейін Түркістан облысынан бес кандидат тіркелген.

Өзін-өзі ұсынғандардың екеуі «Ауыл» партиясының мүшелері болса, қалған 3-уі нұротандықтар. Ал, Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, үшінші мегаполис атынан әзірге сайлауға қатысуға 4 үміткер ниет білдірген.

Парламент Сенаты депуттарының уәкілеттігі біткендігіне байланысты Президент Жарлығымен 12 тамызда сенаторларды сайлау бекітілді. Орталық Сайлау комиссиясының күнтізбелік жоспарына сәйкес, Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы «Сайлау туралы» заң шеңберінде жұмысын атқаруда. Қазіргі таңда сайлауға қатысуға 5 үміткер тіркеліпті.

Әлібек Өмірәлиев, Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы: «Бектаев Әли, сенатор, «Ауыл» партиясынан,  өзін-өзі ұсынды. Көпеев Өрісбай, мәслихат хатшысы, «Нұр Отан» партиясынынан, өзін-өзі ұсынды. Бекайдар Әлімбетов, «Нұр Отан » партиясының мүшесі , Оспанов Тұрғанбек, «Ауыл» партиясы мүшесі , Сиқымбай Сағындықов, жеке кәсіпкер, өзін-өзі ұсынған».

Үміткерлер мен олардың жұбайыларының декларациясы мемлекеттік кірістер департаментімен тексерілуде. Кандидаттарды ұсыну 12-шілдеде тоқтатылады.

Үміткерлер үгіт насихат жұмыстарына шілденің 24-іне кіріседі. Оған Орталық сайлау комиссиясынан 11 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген.

Айта кететін жәйт, Түркістан облысында түрлі облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттарының саны — 270. Демек,  облыс атынан сенатор атанатындарды дәл осы халық қалаулылары сайлайды. Өңірде қазірден бастап 12-ші  тамызға белгіленген саяси шараны өткізу пысықталуда.

Әлібек Өмірәлиев, Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы:  «Пандемияға қатысты қауіп бар. Орталық сайлау комиссиясы  бізге ұсыныс  жасады:  Ашық жерде, далада өткізу бойынша. Адамдардың қауіпсіздігі бірінші кезекте».

Сондықтан осы вариантты  қарастырамыз. Екінші вариант -Түркістандағы Университеттің залында  қашықтықты, сақтық шараларын сақтап,  дауыс беру. Далада өткізуде күрделіктер бар. Электрондық тіркеу деген бар, дауыс беру экранда көрініп тұру қажет.  Егерде жергілікті биліктегілер электрондық тіркеуді ұйымдастырып, жүйені қосса, ашық жерде сайлауды өткізу қауіпсіз, біз дайынбыз..

«Ал, мұндай ерекше талаптар Шымкентте орын алмайды»,- дейді Шымкент  қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек  Құнанбаев. Себебі, шаһардағы мәслихат депутаттарының саны небәрі — 26. Бұған дейінгі тәжірибеге сүйеніп, 12 тамызда өтетін сайлауды Түркістан сарайында өткізу жоспарлануда.

Қазіргі таңда Шымкент атынан сенаттыққа 4 үміткер ғана тіркеліпті. Олар: сенатор Айгүл Қаппарова мәслихат ұсынған, Толқын Полатқызы №77 мектеп- лицейдің директоры, Орманов Бектай, «Нұрәлем» қоғамдық ұйымының төрағасы, Бақытжан Жолдасбекқұлы, «Медикер» ЖШС бас директоры, 3 үміткер де  өздерін ұсынғандар.

Шілденің 27-інен бастап үміткерлер өз сайлауалды бағдарламаларымен өңіріміздегі қала, аудандарды аралап, мәслихат депуттарымен кездеседі. Үгіт- насихат жұмыстары саяси науқан өтетін күннен бір күн алдын тоқтатылады. Саяси шара нәтижесі сайлау өткен күні белгілі болады.

Шынар Оразова