Түркістан жолдары толықтай жаңарады

202

1254 шақырым. Биыл Түркістан облысы бойынша жөнделетін жалпы жолдың ұзындығы. Оның – 652 шақырымы жергілікті маңызы бар жол, қалған – 602 шақырымы – елдімекен көшелері. 2020 жылы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жаңғырту жұмыстары нәтижесінде жол мәселесі 77,6%-ға шешілмек.

ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫНА – 48,9 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ

Жаңа жолдың салынғаны, ескі жолдың кеңейгені жақсы, әрине. Жалпы, Түркістан облысында – 16 549,34 шақырым жол бар. Оның – 5 947,9 километрі – жергілікті маңызы бар жол. 10 601,4 шақырымы елдімекен көшелерінен құралған. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, жергілікті маңызы бар жолдың 52,7% – асфальт­бетон жамылғылы, ал 39,9%-на қиыршық тас төселген. 7,4% топырақты жол екен. Ал елдімекен көшелерінің – 48,5%-на асфальтбетон жамылғысы төселсе, 39%-на қиыршық тас тасталыпты, 12,5%-ы топырақты.

– Биыл автожол саласын дамытуға бюджеттен – 48,9 млрд.теңге бөлінді. Оның – 34,6 млрд теңгесі республикалық трансферттен, 12 млрд теңгесі облыс қазынасынан, 2,3 млрд теңгесі аудан-қалалардың бюджетінен бөлінді,- деді Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарманың басшысы Ролан Ибрагимов.

Оның айтуынша, бұл қаржыға 1 253,7 шақырым жол жөнделеді. Оның 652,1 шақырымы – жергілікті маңызы бар жол, 601,6 шақырымы – елдімекендегі көшелер.

– Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары саласын дамытуға – 28 466,7 млн теңге бөлініп отыр. Бұл қаржының 28213,3 млн теңгесі – облыстық маңызы бар автомобиль жолын, 253,4 млн теңгесі аудандық маңызы бар автомобиль жолын жөндеуге жұмсалмақ. Ал елді мекен көшелерін жөндеу үшін бюджеттен – 20 466,4 млн теңге қаралған. Бұл қаржыға елдімекендегі – 595,1 шақырым көше жөнделіп, жыл соңына дейін толықтай пайдалануға беріледі. Қалған 6,5 шақырым жол келесі жылға өтпелі, -дейді Ролан Ибрагимов.

Осылайша жөндеу-құрылыс жұмыстары жүргізілетін автомобиль жолдары мен елдімекен көшелерін қоса алғанда биыл – 941 киллометрі жол пайдалануға берілмек. Қалғаны келер жылға өтпелі екен.
Сонымен қатар, биыл облыс аумағындағы халқы тығыз әрі шекара маңында орналасқан Шардара, Мақтаарал, Жетісай мен Келеске алып баратын автомобиль жолдарының жағдайын жақсарту мәселесіне де жіті көңіл бөлініп жатыр. Аталған жолдардағы олқылықтарды жою үшін бюджеттен – 1 млрд теңге қаралыпты.

ЖЕТІСАЙ МЕН МАҚТААРАЛДАҒЫ 130 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ ЖӨНДЕЛЕДІ

– Аудан әкімдіктері тарапынан жөндеуден өтіп жатқан аудандық маңызы бар жолдар мен елдімекен көшелерін қоспағанда, биыл жалпы ұзындығы 70 шақырым республикалық, 59,4 шақырым облыстық маңызы бар жолдар күрделі және орташа жөндеуден өтеді, – дейді Ролан Ибрагимов.

Енді сол жөндеуден өтетін жолдарға жеке-жеке тоқталсақ:
Жетісай ауданында 11,5 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар «Сырабат-Үтіртөбе-Көктөбе» бағытындағы автомобиль жолы күрделі жөндеуден өтіп, жыл соңында пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, Мақтаарал ауданы аумағындағы облыстық маңызы бар «Атакент-Кеңесшіл-Есентаев» пен «Үлгілі-Таубай ата» автомобиль жолдары орташа жөндеуден өтуде. Одан бөлек, биылдың шілде айынан бастап облыстық маңызы бар КХ-80 «Ынталы-Фирдоуси» автомобиль жолының 4,7 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары басталады. Жыл соңына дейін «Үлгілі-Таубай ата» және «Ынталы-Фирдоуси» автомобиль жолдарында жұмыстар толық аяқталып, пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, жуырда ұзындығы 19,9 шақырымдық облыстық маңызы бар «Жетісай-Мақталы» бағытындағы автомобиль жолында жөндеу жұмыстары басталады. Нысанның жөндеу жұмыстары 2021 жылға өтпелі екен.
Жөндеу жұмыстары биыл басталып, 2021 жылы аяқталатын жолдардың қатарында Шардара ауданынан бастау алатын КХ-8 автомобиль жолы да бар. Өзбекстанның шекарасы мен Шардара, Арыс, Темірланға дейінгі аралықты жалғайтын бұл күре жолдың жартысы биыл, қалған жартысы, яғни Шардара ауданының Көксу ауылы мен Арыс қаласының арасын жалғайтын бөлігі келер жылы қолданысқа беріледі.

ҚАЗЫҒҰРТ ПЕН ТӨЛЕБИ АУДАНЫНЫҢ ЖОЛДАРЫ ЖАҢАРАДЫ

Биыл жөндеуден өтетін жолдардың тізімінде Қазығұрт пен Төлеби аудандарын байланыстыратын КХ-29 автомобиль жолы да бар. «Шарапхана-Жаңабазар-1-Мамыр» аралығын жалғайтын облыстық маңызы бар жолды күрделі жөндеуден өткізіп, жол сапасын жақсартуды көздеген басқарма алға қойылған міндеттеріне 2021 жылы толығымен жетеміз деп отыр.


Төлеби ауданы халқын сапалы жолмен қамту және өңірдің туризм саласындағы мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында биыл Төлебидегі «1-Мамыр-Оңтүстік турбаза» аралығындағы КХ-112 автомобиль жолының 13,6 шақырымы да орташа жөндеуден өтеді.

ТҮРКІСТАН МЕН КЕНТАУДЫҢ ЖОЛДАРЫ РЕТТЕЛЕДІ

– Жөндеу-құрылыс жұмыстарынан облыс орталығы – Түркістан қаласының да көшелері қалыс қалмайды. Биыл жүргізілетін жұмыстардың нәтижесінде шаһардағы жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдың үлесі – 49,4%-ға дейін артады деп күтілуде,- дейді басқарма басшысы.
Айта кетейік, Түркістан қаласындағы көшелердің жалпы ұзындығы – 845 шақырымды құрайды. 2019 жылы шаһар көшелеріне облыстық бюджеттен – 7,9 млрд теңге бөлініп, 6,4 киллометр жол жөнделді. Сөйтіп, жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдың үлесі – 33,6%-ға жетті. Биыл жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен – 7,1 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл қаржығы – 142 шақырым жол жөнделмек.
Бұдан бөлек, Түркістан мен Кентау қалалары арасындағы қозғалыстың көбеюіне байланысты жол жамылғысы жаңартылуда. Жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін толықтай аяқталып, пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ, КХ-190 «Кентау-Түркістан-Шәуілдір-Төрткүл» автомобиль жолының 19 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

БӘЙДІБЕК ПЕН САЙРАМДА ДА ЖОЛ ТҮЗЕЛЕДІ

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы биыл Бәйдібек ауданының орталығы Шаян ауылы арқылы өтетін облыстық маңызы бар КХ-2 «Ұланбел-Созақ-Екпінді» автомобиль жолының 645-675 шақырымын да күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлап отыр. Олардың пайымдауынша, жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.

– Сайрам ауданы мен Шымкент қаласын жалғайтын облыстық маңызы бар КХ-97 «Ақсу-Қабылсай-Қайтпас-қала қоқыс маңы» автомобиль жолының сапасын арттыру мақсатында да аталмыш жолда қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

Осылайша мамандар 2020 жылдың қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін арттырып, 77,6%-ға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

– Десек те, өңірдегі жол проблемасы әлі де күн тәртібінен түспей тұр. Облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың үлесін 74 пайыздан 77,6 пайызға ұлғайтсақ та жөндеуді талап ететін 22,4 пайыз жол бар. Көп ұзамай жол мәселесі өз шешімін 100 пайыз табады. Осы бағытта жұмыс жасаймыз, – дейді басқарма басшысы.

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №23-24, 10 маусым 2020 ж