Ясауи кесенесі қабырғасындағы эпиграфикалық жазулар: мән-мағынасы мен стилі

1206

Қ.А. Ясауи кесенесіндегі эпиграфикалық жазулардың мән-мағынасын білесіз бе? Таяуда «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Ясауи кесенесіндегі эпиграфика атты онлайн-лекция өтті. «Эпиграфика дегеніміз – қандай да бір қатты материалдардан, мейлі тас болсын, мейлі қыш, ағаш темір сияқты материалдардан жазылған ежелгі және орта ғасырлық жазуларды зерттейтін үлкен ғылым. Араб эпиграфикасы бірнеше араб стилінен: насх, куфи, сулюс тұрады. Стильдердің барлығы дерлік Қ.А. Ясауи кесенесіндегі жазуларда кездеседі. Көптеген зияратшылар кесенеге келген кезде оның сыртындағы жазуларды ою-өрнек деп түсініп жатады. Шын мәнінде олардың әрқайсысының өзінің берер мән-мағынасы бар» деген қорық музейінің экскурсоводы Күнсұлу Әсетова кесенедегі араб, парсы жазуларының мән-мағынасы және стильдері турасында айтып берді.

Алғысөзде бірегей кесененің қысқаша тарихына тоқталған Күнсұлу Әсетова одан кейін мавзолей қабырғаларындағы өрнектер ою емес араб стилінде жазылған жазулар екенін баяндады. Әрбір қабырғасындағы сөздің мән-мағынасын талдады.

–Қ.А. Ясауи кесенесі Әмір Темірдің бұйрығымен 1397 жылы салынады. Кесененің кірпіштері Түркістаннан солтүстік батысқа қарай 45 шақырым жерде орналасқан Сауран қаласында жасалған. Кесене салу барысында бұл кірпіштерді адамдар қолма-қол тұрып таратқан екен. Бұл кесене 10 жыл тұрғызылғанымен Әмір Темірдің қайтыс болуына байланысты жұмыстары толық аяқталмайды. Қабырғасындағы насх, сулюс, дивани стиліндегі жазулар. Қарасаңыздар мұның барлығы араб жазулары. Құрылыстың ені 46,5 метр, ұзындығы 65 метр, барлығы 35 бөлмеден тұрады. Кесененің жұмысы бітпей қалған жер – алдыңғы порталы. Қасбеті оңтүстік порталы деп атаймыз. Оңтүстік портал екі биік мұнарадан және олардың арасын біріктіретін зәулім аркадан тұрады. Ішінің ұзындығы 18,5 метр, биіктігі 37,5 метр. Оңтүстік портал бітпей қалған. Бірақ болжам бойынша, 1583-1590 жылыдары Абдулла хан осы портал құрылысын аяқтайды. Сол заманнан қалған жөндеу жұмыстарына арналған, ертеректе кранның қызметін атқарған ағаштар да сол күйі сақталған. Ал эпиграфикамыз батыс қабырғасынан басталады. Кесененің сыртқы қабырғаларының әрқайсысы өзіндік әралуан әшкейлермен ерекшелене отырып, кесене бойын-да біртұтас үйлесімдерді көркем композициялық шешімін тапқан. Кесене қабырғаларындағы жазулар 3 бөлікке бөлінген. Төменгі бөліктің биіктігі 1 метр 80 см әшекеймен көмкерілген. Ал қабырғаның ұзындығы 10,5 метр. Бұл жерде кесененің негізгі өрнектері құралған. Яғни арабтың куфи стилінде жазылған жазулар. Жоғары жағындағы үшінші бөлігінің ұзындығы 2 метр 60 см,-дейді Күнсұлу Әсетова.

Батыс қабырғасындағы жазулар

Ол кесененің батыс қабырғасындағы жазуларға кеңінен тоқталды. Айтуынша, бұл жазулар батыс мұнара жағынан басталып, сол түстік және шығыс жағын да тұтас қамтиды екен. Түгелімен арабша жазылған.
–Жоғары бөлігінде көркем жазулар көп түсті бояулы қаптама кірпішпен құрастырылып жазылған. Бұл жазуда кіріспе сөзбен басталатын Құран Кәрімнің алтыншы сүресі Әнам сүресінің 59, 60, 61, 62 және 63-аятының бас жағы келтірілген. Содан кейін құрылысшының аты жөні және де құрылыстың қай кезде қашан аяқталғаны жазылған. «Аса мәртебелі, құт берекенің иесі Алла айтты. Көрместің, ғайыптың кілттері оның жанында. Алла Тағала ғана біледі. Оларды одан өзге ешкім білмейді. Ол құрлықта да теңізде де не бар, не жоқ бәрін біледі. Оған тіпті, бұтағынан үзіліп түскен бір тал жапырақтың да жағдайы мәлім. Жердің тас қараңғы қойнауындағы бір тал дөңбек болсын, тіпті дымқыл болсын, құрғақ болсын оның бәрі бір Аллаға айқын, Алланың шексіз іліміне сүйенген тағдыр кітабында жазылған» деген жазу бар. Бұл жерде 59-аят келтірілген. Ал, кесененің ортаңғы бөлігі мавзолейдің негізгі өрнектерін құрайды. Батыс қабырғаға сән беріп тұрған да осы орталық бөліктің өрнектері. Бұл жерде Куфи Махалле қолтаңбасымен жазылған араб жазуларының бас әріптері қою түсті қапталмалы кірпішпен басталып, негізгі жазу көгілдір бояулы қаптама кірпішпен қаланған. Ортасында шексіздіктің белгісі бар. Соның ішінде қою көк түсті кірпішпен «Алла Раббым, Мұхаммед пайғамбарымыз» деген сөз жазылған.

Осылайша батыс қабырғадағы сөздер жұрт ойлағандай ою-өрнек емес, керісінше мән-мағынасы зор Құран сөздері екенін түсіндірген маман кесененің келесі эпиграфиялық жазуы солтүстік қас бетіндегі батыс қабырғасымен жалғасып тұрғанын айтты.

Солтүстік қасбетіндегі эпиграфикалық жазулар 3 бөліктен тұрады

–Солтүстік қасбетіндегі эпиграфикалық жазулар екі бұрышындағы көлденең қою түсті сызықтармен 3 бөлікке бөлінген. Төменгі және жоғарғы бөліктерінде көгілдір түсті қаттама кірпіштерімен қаланып жазылған. Әрбір жазудың ішінде екі бірдей латынша «Z» әрпін көруге болады. Бұл жоғары және төменгі жақтағы жазуларға қатысы бар. Бұл «Z» әрпі араб тілінде көмекші сөз болып келеді. Яғни «Я» деген мағынаны береді. Бұл жерде «Я Алла, Я Рахман, Я Рахим,» деген сөздер жазылған. Енді кесененің солтүстік қасбетінде жоғары жақтағы Әнам сүресінің 60 және 61-аяты келтірілген. «Алла Тағала сендерді түнде ұйқыға жатқызып, уақытша өлтіреді. Және күндіз не істегендеріңнің бәрін біліп тұрады. Содан соң сендерді ұйқыларыңнан оятып, қайта тірілтеді. Күнделікті тіршілік осылай жалғаса береді. Ақыр соңында бәрің Аллаға қайтасыңдар, Одан кейін ол сендердің не істеп не қойғандарыңнан толық хабардар етеді» деген аят жазылған. Енді ерекше айтар бір дүние солтүстік фасад өте керемет жасалған. Бұл жұмыс шебердің нағыз мықты шеберлігін көрсетеді. Себебі солтүстікте орналасқан арканың оң және сол жағында араб жазулары бар. Оң қанаттағы жазу мен сол қанаттағы жазудың мағыналары бір-бірін толықтырып тұрады. Сол қанаттың орта тұсында «Пенде жос-парлайды, Алланың дегені болады» деген жазу жазылған. Ашық көгілрдір түспен қапталған кірпіштермен «Бүкіл жаратылыстың иесі Алла екенін, бағыт көрсетуші тек Алла екендігі көрсетілген. Ал солтүстік фасадтың порталына назар аударсақ, бұл жерде де өте керемет жазылған жазулар бар. Бұл жұмыс та осыны жасаған шебердің асқан шеберлігін әспеттейді. Назар салсаңыз, мұндағы жазудың ерекшелігі үлкен әріптермен, куфи қолтаңбасымен жазылып, «Алланың елшісі айтты, кім өзін таныса, сол өз Раббысын таниды» деген хадис келтірілген. Назар аударып қарасаңыз, бұл жерде екінші мәтін де бар. Куфи қолтаңбасымен ашық көктүсті кірпіш арқылы парсы тілінде жазылған. Бұл жерде пайғамбарымыздың әулеті жайлы дерек берілген.

«Мұхаммедтің жанұясы Мұхаммед, Әли, қызы Фатима және немерелері Хасан, Хусейн екеуінің анасы» деген жазу жазылған. Бұл солтүстік порталдың ойығындағы жазулар үштен бір бөлігіндегі жазулар. Бұл жазулардың ұзындығы 3 метрді құраса, ені үш кірпішке пара-пар келеді. Ортаңғы жазу ақ кірпішпен жазылса, екі жанындағы кірпіштер қою көк түсті кірпішпен қапталған. Енді екі жиегіндегі жазулар да көз жауын алатын сондай шеберлікпен жасалып, көп еңбекті қажет еткені көрініп тұрады. Қарасаңыздар 4 рет медальондар кездеседі. Қою көк түсті кірпішке құралған медальондар арабтың насх стилінде жазылған жазу. Бұл жерде 54 рет қайталанып, Аллаға айтылған мадақ сөздер көрсетілген. Яғни «Құрметтеуге Алла ғана лайықты. Және де бүкіл жаратылыстың иесі Алла Тағала» деген сөздер,-дейді экскурсовод.

Шығыс фасадының құрылымы мен өрнектелуі

Солтүстік қасбетіндегі жазуларға қандай түсті кірпіштер қолданылып, ондағы сөздердің берер мағынасын жіті түсіндірген Күнсұлу Әсетова лекция барысында шығыс фасадындағы эпиграфикалық жазуларға да жеке тоқталды.

–Кесененің шығыс фасадына келер болсақ, Бұл жердегі жазулардың құрылымы мен өрнектелуі батыс қасбетіне ұқсайды. Шығыс фасадтың ұзындығы батыс фасад секілді 50 метр. Бұл жерде Куфи махалле қолтаңбасымен жазылған араб жазулары бар. «Аллаһ Раби, Мұхаммед нәби, Ахлла пәк, Алла ғана мадақ айтуға лайықты» деген жазулар жазылған. Шағын шаршылардың ішінде «Аллаһу әкбар» деген сөздер бар. Мұндағы терезенің үстіндегі жазу «Бүкіл жаратылыстың иесі Алла Тағала» деген мағынаны білдіреді. Ал шығыс порталының ойығындағы жазуды айтсақ, мұнда ішкі беті тұтастай бірнеше рет қайталанатын, геометрияланған куфи стилімен Мұхаммед пайғамбарымыздың есімі келтірілген. Ал портал ойығындағы төрт бұрыштың ішінде куфи қолтаңбасымен «Я Рахмен, Я Рахим» деген сөздер жазылған.

Есіктер мен күмбездердегі жазулардың сыры

Кесенеге барған адамды ойландыратын тағы бір ерекше жазулар – ол күмбездер мен есіктерде көрсетілген. Онлайн дәріске қатысушыларды қызықтырған есіктегі жазбаларға қатысты сауалдарға Күнсұлу Әсетова жауап берді.
– Осы тұста кесененің күмбезіне де тоқтала өтейін. Күмбез 52 қатпарлы. Бұл жердегі жазу үш қатар. Куфи қолтаңбасымен бояулы қаптама кірпіштерді өру әдісімен орындалған жазудың биіктігі 3 метр болса, ені 3 кірпішке пара-пар. Назар салсаңыз, ортаңғы кірпіш ақ түсті, ал шетіндегі қою кірпіштер көк түсті. «Бүкіл жаратылыстың иесі Алла» деген жазу 8 рет қайталанған. Ал, қабірхана бөлмесінің күмбезінің ортаңғы белдеуінде осыны жасаған шебердің аты-жөні жазылған. Ал, жоғары белдеуінде Рахман сүресінен «Жер жүзіндегілер түгелдей жерде» деген үзінді көрсетілген. Бір мақтанышпен айта алатын келесі күмбезіміз – қазандық бөлмесінің күмбез. Ол Орта Азия және еліміз бойынша ең үлкен күмбезі болып есептеледі. Ішкі диаметрі – 18,5 метр, сыртқы диаметрі – 20,5 метр. Бұл жерде куфи қолтаңбасымен «Қамқорлық жасау Аллаға тән, сый Алладан» деген сөз жазылған. Ұзындығы 9 метр, ені 3 метр. Және де аркаларда «Үкім ету Аллаға тән, шешім шығару Алланікі. Дұрыс бағыт беруші Алла Тағала» деген жазулар бар. Арканың шет-шетінде қою көк түсті кірпіштермен «Мұхаммед» деген сөздер қойылған,-дейді Күнсұлу Әсетова.
–Қазандық бөлмесінің қақпа есігінің биіктігі – 3 метр 70см. Ені 2 метр 10см. Бұл тарихи-мәдени жәдігерлердің бірі. Сонау 14 ғасырдан бері келе жатқан Әмір Темірдің бұйрығымен жасалған есік. Есіктегі жазулар көлденеңінен 3 бөліктен тұрады. Екі қатар араб жазуының ұзындығы 10см болса, жуандығы 3мм. Оюландырылып, әсемделіп жасалған жазудың мағынасы «Әулиенің есігі, бақыттың кілті, барлық жағдайларға Аллаға шүкірлік, мадақ болсын» деген сөздер бар. Қақпа есігінің орта белдеуінде «Қасиетті табалдырығымның қызметшісі бай дәулетті болайық» деген сөз бар. Бұл әулеиенің басында қызмет етіп жүрген адамдарға арналған дұға тілектер. Ал есіктегі алтынмен, араб қолтаңбасымен жазылған жазуда «Дүние уақыт оны өзіңе бағындыра біл, Аллаға құлшылық ет, шыншыл, адал бол» деген сөздер бар. Ал осы жердегі күміспен жазылған парсы тіліндегі жазуларда «Біздің мақсат – артта өрнек қалдырмақ, жаратылыстың баяны жоқ аңғарсақ, Ақ жүректі адал болу кез болса, дұға қылсын» деген өлең шумақтары келтірілген. Сонымен қатар, бұл есікте 1396-97 жылы жасаған шеберлердің аты-жөні де жазылған. Бұл есік әр қашан да құтты болсын, қуаныш алып келсін, дос-тар үшін ашық, дұшпандарға жабық болсын деген сөздер де кездеседі. Келесі жәдігеріміз кесенедегі қабірхана бөлмесінің қапсырма есігі. Қапсырма деп аталуының себебі көріп жүргендеріңіздей жан-жағын темірмен қапсырып жасап қойған. Бұл жерде алтынмен аяттар, хадис-тер берілген. Яғни «Аллаһ қалаған мүлкін, қалаған пендесіне береді. Уақыт өтпей тұрып, намаз оқуға асығыңыздар, ажал келмей тұрып, тәубеге келіңіздер. Әрбір мұсылман ер және әйел үшін дүниеде білім іздену парыз және адам баласы бесіктен көрге дейін білім ізденсін, үйренсін» деген хадис келтірілген. Және де «Дүние өткінші, сен дүниеде Аллаға бағынып өт» деген хадис те жазылған. Енді осы қабірхана бөлмесінің есігінен медальондерді де көре аласыздар. Ол жерде Алланың 99 есімі жазылған. Есіктің қаңқасындағы жазуға келер болсақ, «Алланың сыйы қақпасына келіп сұраған момынға беріледі» деген жазу жазылған. Осы қабірханаға кіре берістегі оң және сол жағында араб жазуымен жазылған жазу тағы бар. Бұл жерде «Мейірімді Рахымды Алланың атымен бастаймын» деп басталып жазылып, құран сүресінің 112-ықылас сүресі келтірілген. «Алла жалғыз, Алла туылмаған да тумайды, оған ешкім тең келмейді» деген сөздер бар. Қабірхана есігінің жоғары жағындағы жазуды да айта кетейік, бұл жерде «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі» деген жазу жазылып, осы жазуларды кім қашан жазғаны жайлы және автордың аты-жөні мен өтініш тілегі де көрсетілген. Келесі эпиграфикалық жазу қабірхана есігінің ішіндегі тас тақтадағы жазу. Бұл жерде керамиканың биіктігі 60см, ені 170см. Екі қатарлы жазуда кесенені соқтырған Әмір Темірдің ата тегі мен қоса оған айтылған ізгі тілектер бар. Яғни «Бұл шарапатты мазардың соғылуына ұлы әмірші, көп елдің тізгінін қолына ұстаған, рахымды патшаның айрықша қамқорлығы ерекшеленген Әмір Темір бұйрық берді, Алла Тағала оның билігі мен патшалығын мәңгілік етсін» деген дұға тілек жазылған.

Онлайн лекцияда әрбір жазуды кесененің суреті арқылы көрсетіп, түсіндірген маман Күнсұлу Әсетова келушілер бұл жазуларды тек ою-өрнек ретінде қабылдамай әрбір сөйлемнің берері мол, асқан жауапкершілікпен жазылғандығын түсіндіру үшін алдағы уақытта да мұндай лекциялардың өткізілетінін хабарлады.

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №21-22, 27 мамыр 2020ж