Úı ANONS Кесене күмбезі бүлінді ме?

Кесене күмбезі бүлінді ме?

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің күмбезіндегі сыртқы қаптаманың бүлінгені туралы әлеуметтік желіде ақпарат тарады. Оған қарағанда күмбездің сыртқы қабаты түсіп қалғанын байқауға болады. Орнын әлдебір шатырмен жабуға тырысқан.  Жұртты алаңдатқан жайтқа қатысты мәдениет және ақпарат министрлігі түсінік берді. 

 

Министрліктің мәліметінше, Кесенеде жоспарлы реставрация жүріп жатыр. 2019-2020 жылдары орнатылған Қазандық күмбезіндегі глазурленген қаптаманың кейбір бөліктерінде бүліну және ажырау белгілері байқалған. Сондықтан «Қазреставрация» мамандары қаптаманың техникалық жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізіп, ғылыми-реставрациялық жұмыстарға дайындықты бастаған.

 

 

«Осы жылдың мамыр айында басталған жұмыстар барысында глазурленген қаптаманың әлсіреген бөліктерін кезең-кезеңімен алу кезінде авариялық жағдайда тұрған фрагменттерді толық ажырату қажеттігі анықталды. Соның нәтижесінде 27 мамыр күні «Қазреставрация» РМК мамандары глазурленген плиткалардың осал бөліктерін ауқымды демонтаждау жұмысын жүргізді. Бұл – ғылыми-реставрациялық жұмыстарға дайындық және ең бастысы, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қабылданған негізді әрі мәжбүрлі шара»

МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІ

 

Министрлік жағдайды тұрақты бақылап,  мониторинг жүргізіп отырмыз деп сендіреді. Барлық шешімдер тек сараптамалық қорытындыларға, ғылыми тәсілдерге және мәдени мұра нысандарын сақтау жөніндегі халықаралық стандарттарға негізделетінін жазады. Сондықтан  алаңдауға негіз жоқ дейді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі  — ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген. Түркі әлемінің рухани және тарихи-мәдени орындарының біріне айналған кесене  Қазақстанның басты әрі бірегей ескерткіші.

 

Дилара Иса