«Әйелдің жыныс жолдарын жасарту», «Тіктіру», «Тарылту, «Сексуалды сауатты көтеру». Бұл – жария айтыла бермейтін, бірақ көптеген әйелдің көкейіндегі тақырып. Өйткені сексопатолог-психологтар отбасы татулығы ерлі-зайыптылардың арасындағы «төсек ләззатына» тікелей байланысты екенін айтады. Алайда болмысынан ұяң қыз-келіншектер бұл мә селеде осалдық танытады. Мұның соңы отағасының «солға» кетуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Сонымен, сексуалды сауаттылық ерлі-зайыптылардың арасындағы төсек қатынасына қалай әсер етеді? Жыныс жолдарын жасарту дегеніміз не? Соның әдістері қандай? Бүгінгі мақаламыз әйелдердің жыныстық өмірін жақсарту жайында болмақ.
«Жасарту» соңы машақатқа айналған
Адамдар әрдайым көрікті әрі жас болып көрінгісі келеді. Әсіресе, әйелдер қауымы. Дене сымбаты үшін диетаға отырады, жүгіреді, секіреді. Фитнеске барады. Ал ажарлы болып көріну үшін түрлі жақпамайларды қолданады, тіпті, пластикалық ота жасататындары да бар.
«Естімеген елде көп» демекші, бүгінде тек бет терісін ғана емес, жыныс мүшесін де жасартуға болады. Яғни, жыныс жолы кеңейген әйел «қыздай» болып, күйеуіне төсек ләззатын сыйлай алады. Лазерлі күйдіру – соның бір жолы.
Кейіпкеріміз Алма отаның осы жолына жүгінген жан. Сөзінше, он жыл отасқан күйеуі 3 баладан соң, жатыр мойнының кеңейгенін айтқан. Осылайша, әйелінен төсек ләззатын алмайтын отағасы жарына мүлдем жақындамай қойыпты. Күйеуінің бұл әрекеті Алмаға ауыр тиеді. Сөйтіп ол жатыр мойнын жасартуды көздеген.
– Үшінші баладан соң жолдасым төсек ләззатын сезінбейтінін айтты. Үнемі мені жазғырып, «кеңейіп кетті» деп отыратын. Мұндай сөзді есту маған ауыр тиді. Құрбымнан лазерлі күйдіру арқылы жыныс мүшесін жасартуға болатынын естідім. Тездетіп соны жасаттым,-дейді Алма.
Бұл отадан кейін кейіпкеріміздің жыныстық өмірі шынымен де өзгеріпті, бірақ сәтті өзгермеді. Дұрыс түспеген лазерлі сәуле оның жыныс мүшесін күйдіріп жіберген. Осылайша, отасы сәтсіз аяқталған Алма жатырсыз қалды.
Келесі кейіпкеріміз Майра да күйеуінің өтініші бойынша, жыныс мүшесіне «өзгеріс енгізеді». Дәлірегі, жатыр мойнын тігіп тарылтады. Бірақ, бірнеше күннен соң тігісі сөгіліп, байғұс әйел әбден қиналыпты. «Артық қыламын деп тыртық қылды» деген осы болар.
«Шаршаған» жыныс мүшесін қалпына келтіреді
Жатыр мойнын жасартудың қыр-сырын жақсы білетін маман, лазерлі хирургиядағы еңбек өтілі 30 жылдан асатын, хирург-гинеколог Елена Цойдың айтуынша, бұл әдіс негізінде жатыр мойны бұлшықеттері әлсіреп, қуығы төмен түскен әйелдерге жасалады. Ал, «қыздай» болғысы келгендер қынапты тарттырып-тіктіру отасына жүгінеді.
– Ауыр зат көтеру, бала босану, күйзеліс қуық түбі бұлшықеттерінің әлсіреуіне әкеп соқтырады. Егер дер кезінде дәрігерге қаралап, емделмесе, қуық төмен түседі. Нәтижесінде, әйелдер несеп ұстай алмай қиналады. Мұндайда әйелдерге лазерлі күйдіру көмекке келеді. Бұл әдіс жатыр мойнын жасартады. Сондағы зат алмасу, шырышты қабаттың бөліну процесін реттейді. Әйелдің «шаршаға» жыныс мүшесін қалыпқа келтіреді. Бұл өзгерістің бәрі де төсек қатынасы кезінде сезіледі. Ерлі-зайыптылардың арасындағы жыныстық қатынасты жақсартады. Ең бастысы несеп ұстай алмау мәселесінен арыласыз. Алайда бұл процесс жатыр мойнын қалыпқа келтіргенімен, қынапты тарылтпайды. Егер қынапты тарылтқыңыз келсе, онда тіктіру керек,-дейді Елена Цой.
Тіктіріп-тарылту әдісі сізді «қыздай» етеді. Бұл әдістен соң баланы табиғи жолмен туа алмайсыз. Маман отадан соң 3 апта бойы күтіну керек екенін айтады. Осы аралықта жыныстық қатынасқа түспеу керек. Алайда екінші кейіпкеріміз бұл кеңеске құлап аспаған. Нәтижесінде, тігісі сөгіліп кеткен. Бірінші кейіпкеріміз Алмаға келсек, ол өз денсаулығын ойламаған. Тексерістен толық өтпеген. Нәтижесінде, лазер оның жатырындағы «жасырын» дертін қоздырып, асқынған. Мұнда дәрігердің де қателігі бар. Ол ота жасатушының айтқанымен жүрмей, алдын ала тексеруі керек еді.
Белгілісі, жатыр мойнын лазерлі жасарту әдісі шамамен 175 000 теңге тұрады. Ал тіктіріп-тарылту — 150 мың теңге екен. Маман бұл әдістер кез келген адамға жарай бермейтінін де айтты. Егер гинекологиялық аурулары болса және қауіп аймағына кірсе, бұл әдістер қатер төндіреді.
ЖАТТЫҒУДЫҢ ПАЙДАСЫ
Жатыр мойнын табиғи жолмен де жасартуға болады. Арнайы жаттығулар жасап, 2-3 айдың аралығында «қыздай» бола аласыз. Сексопатолог-клиникалық (медициналық) психолог Эльмира Тлеужанованың айтуынша, бұл әдіс алғашқыларға қарағанда әлдеқайда тиімді әрі зиянсыз.
– Жалпы, күйдіру, тарылтып-тіктіру әдісінен гөрі, қуық түбі бұлшықеттерін жаттықтырған дұрыс. Осылайша сіз қынапты тарылтып, ондағы бұлшықеттерді басқаруды үйренесіз. Стимуляциялық әдісті меңгересіз, -дейді Эльмира Тлеужанова.
Эльмира Тлеужанова 11 жылдан бері қуық түбі бұлшықеттерін зерттеп, мықты болуына, әйелдердің жыныстық сауаттылығын көтеруге атсалысып жүрген маман. Оның сөзінше, жалпақ тілмен қынап немесе жатыр мойны бұлшықеті дегенімізбен, медицинада мұндай термин жоқ. Дұрысы – қуық түбі бұлшықеттері.
Ол қуық түбі бұлшықеттері сыртқы, ішкі, қабаттасатын, терең орналасқан болып бөлінетінін айтады. Және уақыт өте түрлі физиологиялық және психологиялық күйзелістен бұл бұлшықеттер созылғыштық қасиетінен айырылады. Бұл төсек қатынасына әсер етеді. Нәтижесінде, ер азамат үшін мұндай қынап «дәмсіз» болады. Ол өзінің серігін жақсы көре тұра жыныстық тәбетін қанағаттандыру үшін «ыстық», «дәмді» және «қызық» ұяны іздей бастайды екен.
– Дәл осындай жағдайға тап келген әйелдерге көмектесемін. Яғни қуық түбі бұлшықеттері әлсіреген, созылғыш қасиетінен айырылғандарға жаттығу жүргіземін. Бұлшықеттерді қайта қалыпқа келтіруге көмектесемін. Соны басқаруды үйретемін. Менің сабақтарыма қатысқан әйелдер ер азаматтарына төсекте қаншалықты мықты екенін дәлелдей алады. Яғни, жыныстық қатынас кезінде бұлшықеттерін басқару арқылы төсек ләззатын күшейте алады. Ер азаматтың жыныстық қатынасты сәтті аяқтауына, тояттануына жол ашады. Бұл үшін бұлшықеттермен жұмыс істеу керек,-дейді маман.
Оның сөзінше, мұндай жаттығулар қуық түбі бұлшықеті әлсіреуінің алғашқы сатыларында ғана көмектеседі. Ал 3-4 сатысында лазерлі күйдіруге жүгінген жөн.
Эльмира Тлеужанованың сөзінен түйгеніміз – жаттығуға 18-70 жас аралығындағы нәзікжандылар келеді. Жас қыз-келіншектер ер азаматтарына «қызықсыз» болып қалудан қорықса, орта жастан асқандары «шыжындықтан» шаршаған. Маман қай-қайсысына да психологиялық және сексуалдық тұрғыдан көмектесуге тырысады.
Себебі, көп әйел сексулды саутсыз болып келеді. Олар күйеуімен көп уақыт «қосылмаса» қынап тарылып қалады деп ойлайтын көрінеді. Алайда маман мұның қате түсінік екенін айтады. Сөізнше, секс бұлшықеттер үшін жаттығу. Сондықтан да секспен тұрақты түрде айналысу керек.
– Бұл жаттырулар да, кәдімгі спорттық жаттығу секілді. Үнемі жаттығып жүрсең, қалпыңды сақтап қаласың. Тастап кетсең бұлшықеттерің босаңсып, «жайылып» кетеді. Курс 3 айға созылады. Түрлі тренажерлерде жаттықтырамын. Әр әйелдің жеке тренажерлары болады. Сәйкестендіріп таңдап беремін. Бірақ, гинекологиялық аурулары бар әйелдерді қабылдамаймын. Ең алдымен барлық тексерістен өткізіп, басқа да сала мамандарымен кеңесемін. Егер «ақау» анықталса, онда жаттықтырмаймын, -дейді Эльмира.
Ақылды әйел – тән сүйіспеншілігінің шебері. Ол қылығымен еркек құмарын арттырудың көп әдісін біледі.
Ал сол әдістің қандай боларын өзіңіз таңдайсыз.Біз ешқандай әдісті жарнамаламаймыз. Тек жол сілтейміз, өйткені әрбір әйел жыныстық сауатты болуы тиіс.
Айжан Ермекқызы
«Оңтүстік Рабат», №26, 24 маусым 2020 ж