Ордабасы АПБ-нің кезекші бөліміне «102» телефоны арқылы жергілікті тұрғыннан Шұбар ауылындағы құрылысы толық аяқталмаған үйдің ішінде ер адамның мәйіті жатқандығы туралы хабарлама түскен. Хабарлама бойынша полицейлер шұғыл әрекет етіп, Ордабасы АПБ-нің бастығы полиция подполковнигі Ғалымжан Қуашбаев және жедел тергеу тобы оқиға орнына жетті.
Тәртіп сақшылары жәбірленушіге келтірілген жарақатқа қарап, оның өліміне басынан алған соққысы себеп болуы мүмкін екенін анықтады. Кейіннен бұл нұсқаны сараптама қорытындысы да растады. Аталған жайт Ордабасы АПБ-мен ҚР ҚК-нің 99-бабы 1 бөлігімен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Ауыр қылмысты ашу мақсатында Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының тәжірибелі жедел уәкілдері және Ордабасы АПБ-нің жеке құрам қызметкерлерінен арнайы топ құрылды. Жедел уәкілдер аулаларды аралау барысында өлген адамның жеке басын анықтады. Ол жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шықты.
Одан әрі жедел топ жәбірленушінің таныстар шеңберін құрып, мұқият зерттей бастады. Көрген-білгендерден жауап алды. Осындай іс-шаралардың арқасында полицейлер күдіктінің ізіне түсті. Содан, оны полиция қызметкерлері Арыс қаласында қарауылдық жұмысында жүрген жерінен анықтап ұстады. Күдікті қаза тапқан адамның көршісі болып шықты.
Тергеу барысында күдікті танысы әрі көршісімен Шұбарсу ауылындағы толық бітпеген үйде бірге спирттік ішімдік ішкенін, сол сәтте араларында жанжал шығып, сөзге келіспей қалу салдарынан төбелес болғанын айтып, оқиға кезінде ер адам көршісінің басынан кірпішпен ұрғанын мойындады.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды, Полицейлер оқиғаның толық мән-жайын анықтауда. Күдікті қамауға алынды.