Úı ANONS Оқушы «Адам өлтіріп, мәйітпен жыныстық қатынасқа түскен»

Оқушы «Адам өлтіріп, мәйітпен жыныстық қатынасқа түскен»

Бүгін Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты шілде айында үйін тазалауға барған әйелді өлтіріп, денесін қоқыс жәшігінің жанына тастап кеткен оқушының ісі бойынша алдын ала тыңдау өткізді. Прокурордың айыптау актісіне қарағанда, ол әйелді пышақтап өлтіріп, мәйітпен жыныстық қатынасқа түскен. Айыпталушы кінәсін ішінара мойындаған.

Бүгін Шымкентте сот үйін тазалауға барған әйелді өлтіріп, денесін қоқыс жәшігінің жанына тастап кеткен 11-сынып оқушысының ісін қарай бастады.  Айыпталушы сотқа айдауылмен жеткізілді. Заңды өкілі ретінде әкесі, куә ретінде анасы танылған. Айыпталушының кәмелет жасқа толмауына байланысты оны фото-видеоға түсіруге тыйым салынды.

Нұржігіт Ерментай, прокурор: «Кәмелетке толмаған сотталушы жәбірленуші А.Б. — мен жыныстық қатынасқа түскісі келіп Шымкент қаласындағы тұрғын үйге тазалық жұмыстарын жүргізу керек деп өтірік айтқан».

Прокурор Нұржігіт Ерментайдың айтуынша, айыпталушы Шымкентке шілде айында құрылыста жұмыс істеуге келген. 21 шілде күні жалдамалы пәтерде жалғыз қалған. Жыныстық қатынасқа түскісі келіп ұялы телефонымен телеграмм әлеуметтік желісіне кірген. Ондағы «Шымкент жұмыс» атты жалпы топқа «Тұрғын үйге тазалық жасайтын қыздар керек» деген хабарлама жазған. Ал жәбірленуші Д.О  күнкөру үшін үй тазалаумен айналысқан. Хабарлама арқылы келіп, үй тазалап, оқушыдан 15 мың теңге еңбекақысын сұраған. Ол ақысын анасы беретінін айтып, сылтауратқан».

Нұржігіт Ерментай, прокурор: «Кіші үйден сабы ағаштан жасалған ас үй пышағын алып, жәбірленуші О-ның кері қарап тұрғанын пайдаланып, өзінің адам өлтіру яғни, қылмыстық ойын соңына дейін жеткізу үшін ас үй пышағымен артқы мойын тұсынан тоқтаусыз 10 рет сұғып алған. Ары қарай жерге жәбірленушіні жатқызып сол жақ бүйрек тұсынан қайта бір рет сұғып алған».

Жәбірленуші алған жарақатынан оқиға орнында қаза тапқан. 26 жастағы Д.О-ның денесі 10 күннен кейін Шымкенттегі қоқыс жәшігінің жанынан табылды. Прокурордың сөзінше, айыпталушы жәбірленушіні өлтіріп қана қоймай, онымен жыныстық қатынасқа түсіп, ұялы телефонын ұрлап алып, сатқан. Сөйтіп ол «Адам өлтіру» бабымен бірге «Өлген адамдардың мәйiттерiн және олар жерленген жерлердi қорлау» бабы және «Ұрлық» бабымен айыпталған.

Қарлығаш Оңғарбаева, марқұмның анасы: «Мен 28-і күні жазамын өтінішті 29 Астанаға жазамын, 30-ы телефоны табылады, 31-і қызым табылады қоқыстан. Полиция қайда жүрді іздемей. Мүмкін іздеп тапқанда мұндай болмайтын еді ғой. Олай қорланып өлмейтін еді ғой».

Қорғаушы мен ата-анасы сотталушы айыппен ішінара келісетінін жеткізді. Айтуларынша, оқушы адам өлтіргенімен мәйітпен жыныстық қатынасқа түспеген. Сараптама қорытындысына сай мәйіттің денесінен оның шәуіті табылмаған. Дегенмен мұнымен марқұм әйелдің жақындары келіспейді.

Қарлығаш Оңғарбаева, марқұмның анасы: «Менің талабым баланы өмір бойына мәңгілікке соталуын қалаймын. Ол ұсталған кезде бәрін мойындаған, қазір мойындамай отыр. Қызымның 26 жеріне пышақ тыққан. Өлтіргеннен соң жыныстық қатынаста болған. Жыныстық қатынасқа түскенін алғашында мойындағанымен қазір мойындамай тұр».

Қанды оқиға 21 шілде күні болған. Д.О-ның денесі 31 шілде күні қоқыс жәшігінің жанынан табылды. Оған дейін марқұмның туыстары дабыл қағып, іздеу салған.

Дилара Иса