Úı ANONS Ішімдіктен бас тартқан елді мекендер қатары артты

Ішімдіктен бас тартқан елді мекендер қатары артты

Шымкентте «Ішімдіксіз елді мекен» акциясы өтті. Игі бастама Бозарық шағынауданында ұйымдастырылды. Іс-шара барысында мамандар сауда орындарын аралап, алкоголь өнімдерін сатпау жөнінде келісімге келді.

Шымкентте ащы судан арылып, ақ жолды таңдаған елді мекендер қатары артып келеді.
Алкогольден түбегейлі бас тартқан «Шапырашты», «Жыланбұзған», «Өтеміс» және «Жиделі» тұрғын алаптарының ізін енді Бозарық жұрты жалғады. Ел болашағына бейжай қарамайтын жергілікті халық бұл бастаманы үлкен сеніммен, зор ықыласпен қабылдады.

АЛМАСХАН ЕСБАЕВ, БОЗАРЫҚ Ш/А ТҰРҒЫНЫ: «Осы арақты тоқтатсақ осы ауылда. Осы ауылға жақсы әдет-ғұрыпты кіргізсек. Мынау әр жақтан келген адамдар бар. Басқа елден көшіп келгендер де бар. Әркімнің менталитеті бөлек. Біз осыларға осындай шараларды қолданып, елді бірлікке ынтымаққа тарту үшін қарияларымыз бар, жастарымыз бар осыны арақсыз ауыл деп бастап, арғы жағын жалғастыруды ойластырып отырмыз»

Бозарық шағынауданында шамамен 15 сауда орны бар. Бүгін аталған дүкен иелері алкоголь өнімдерін сатпау жөніндегі меморандумға қол қойды. Сатушылар бұл бастаманы өз еріктерімен қолдағандарын жеткізді.

ҒАНИ АЙТБАЕВ, САТУШЫ: «Арақсыз магазинде сауданың берекесі өте керемет. Арақсыз да сауда жасауға болады. Өте керемет. Одан кейін өз ұйқың тыныш болады бір жағынан».

Шараға аудандық прокуратура өкілдері де қатысты. Олар бұл бастама отбасылық құқықбұзушылықтардың алдын алуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

АЛМА САТҚАНБАЕВА, АБАЙ АУДАНДЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ: «Бұл іс-шара құқық бұзушылықтардың алдын алу, отбасылық құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін, сондай ақ салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында жүргізілуде».

Айта кетсек, былтыр Шымкентте алкогольдің әсерімен 381 қылмыс жасалған. Мамандар ішімдіктен бас тартуға бағытталған осындай игі бастамалар осы көрсеткіштің азаюына ықпал етеді деп отыр.

Лаура Бабас