3-тамыздан бастап дәрігерлер коронавируспен күреске қайта дайындалады. Астана медицинаға қажетті медициналық мамандықтар бойынша мамандарды қайта дайындау бағдарламасын әзірледі. Бұл туралы аталған оқу орнының кафедра меңерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Нұрила Малтабарова айтты.

Ал індет кезінде қарапайым халық үй жағдайында қалай сақтана алады? Иммунитет көтерудің жолы қайсы? Көпшіліктің көңілін күпті еткен сауалдардың жауабы алдағы сюжетте.

Елімізде инфекционист, анестезиолог, реаниматолог тапшы. Бұл мамандардың жетіспеушілігі әсіресе бүгінгідей эпидемиологиялық жағдай күрделене түскенде қатты аңғарылды. Осыны ескерген салаға жауаптылар кадр дефициттілігін болдырмау үшін арнайы бағдарлама әзірлепті. 3-тамыздан бастап ақ халаттылар ауадай қажет болып отырған мамандықтарға машықтана бастайды.

Нұрила Малтабарова, «Бүгінгі күні Астана медицина университетінде зертханалық диагностикалау дәрігерлерін дайындау, індет талаптары бойынша қажетті өзге де мамандық дәрігерлерін қайта дайындау бағдарламасы әзірленді. Қайта дайындау жұмыстары осы жылдың 3 тамызынан басталады деп жоспарлануда. Еліміздің 7 өңіріне бағдарламаның дайындалғаны туралы ақпараттық хат жіберілді. Өтінім күтіп отырмыз. Біз жас мамандарды қабылдауға дайынбыз».

Ал иіс сезуден қалып, әлсіздік пен тыныс алу ауырлағанда үрейге бой алдырмау керек. Мамандардың пікірінше, түрлі себептер иіс сезуден қалуға себеп болуы мүмкін. Тіпті адам психо-эмоциналды күйге түскен кезде, ашуланғанда иіс сезбей қалады екен. Сондықтан, мұндай кезде ПТР-тесті қай жерден тапсыру қажеттігін іздеп жүгірудің, компьютерлік томографиядан немесе рентгеннен өтудің қажеті жоқ. Ал дәрігерлер коронавируспен ауырған кезде дене шынықтырумен айналыспауға кеңес береді. Ал коронавирустың жедел кезеңінде тыныс алу жаттығуларын жасау да зиянды екен.

Кез-келген адам КОВИД 19-дың жұқпалы процесс екендігін ұмытпауы тиіс. Бұл кезде өкпеде, жалпы ағзада әртүрлі өзгерістер болуы мүмкін. Ал инфекционист-дәрігер Баян Рысбекқызы иммунитетті нығайту үшін ең алдымен күндізгі және түнгі ұйқының балансын сақтап, дәрумендерге байытылған дұрыс тамақтану рационын ұстану қажеттігін алға тартады. Дәрумендерге бай таңқурай, қарақат сынды жеміс-жидектерді тұтынуға кеңес береді.

МАҚПАЛ РЫСБАЕВА