Дәріні заңсыз сатқан 50 шымкенттік ұсталды

207

Шымкентте дәрі-дәрмекті заңсыз сатумен айналысқан 50 адам ұсталды. Бұл туралы қала басшысы президентпен өткен селекторлық жиында мәлімдеді. Көлеңкелі іспен айналысқан пысықайлар оңайлықпен құтылмайтын сыңайлы. Себебі олардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Мемлекет басшысының халықты дәрі-дәрмекпен қамту жөніндегі тапсырмасына сәйкес қалада төрт мониторинг тобы құрылып, 348 дәріханаға тексеру жүргізілді. Нәтижесінде дәрі-дәрмекті заңсыз сатумен айналысқан 50 адам анықталды. Оның ішінде 12 қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары басталды. Қалада көтерме дәрі-дәрмек сатумен айналысатын 10 ірі фармкомпания, 560 дәріханаға жұмыс істейді. Шетелден дәрі-дәрмек алып келуге 10 фармкомпанияға рұқсат беріледі».

«Дәрі тапшылығын жою үшін Шымкентке шетелден де препараттар жеткізілуде. Бүгінге дейін қалаға Үндістан, Ресей, Украина және Өзбекстан дәрі өнімдері келген. Атап айтсақ, 2 млн. 676 мың флакон бірінші кезектегі дәрі-дәрмек және 16 млн 700 мың маска. Бұлардың бәрі бір айлық қор» дейді қала әкімі Мұрат Әйтенов.

Назерке Үкібасова