Денсаулық сақтау министрі Үкіметтен ақша сұрады

127

Елімізде соңғы екі аптада коронавирус жұқтырғандар саны әлдеқайда азайған. Бұған дейін 4 пайыз болған өсім көрсеткіші қазір 2 пайызға кеміпті. Осылай деген Қазақстанның бас дәрігері жедел-жәрдем шақыратындардың да 23 пайызға төмендегенін айтады.

Шектеу шаралары күшейтілгелі тұрақталған эпидемиологиялық ахуал нәтижесінде провизорлық орталықтар да босап қалған. Ал, қатерлі дертті жеңгендер қатары 60 пайызға жетіпті.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Жүргізілген жедел шаралардың арқасында екі аптаның ішінде мынадай оң нәтижелерге қол жетті: тәулігінде коронавирус жұқтыру өсімі 4 пайыздан 2,1 пайызға азайды. COVID-19 ауруынан жазылғандардың саны 60 пайызға жетті. Жедел жәрдем шақыру 23 пайызға төмендеді. Провизорлық төсек-орындардың жүктемесі – 20 пайызға, жансақтау бөлімінің жүктемесі – 6 пайызға кеміді».

Пандемия қарқыны Шымкентте де басылып келеді. Мұны Үкімет басшысының алдында қала әкімі Мұрат Әйтенов баяндады. Шаһар басшысының айтуынша, инфекция жұқтырғандар саны азайып келеді. Осыған байланысты қаладағы жедел-жәрдемге сұраныс 26 пайызға азайған. Ал, стационарға келетіндер қарасы 31 процентке кеміпті.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Кислородпен тұрақты түрде қамтамасыз ету мәселесі де шешілуде. Қосымша екі ауруханада кислород станциясын іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Бір ай мерзімде тағы үш ауруханада қосылатын болады. Бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету жұмыстары күшейтілді. Қосымша 58 мобильді бригада құрылып, 14399 науқасқа үйге арналған стационарлар қызмет көрсетті. Сонымен қатар 38556 адамға үйлеріне тегін дәрі жеткізілді».

Елдің денсаулығы оңалғанымен, шағын және орта бизнес жағдайы оңбай тұр. Бұл туралы Үкімет басшысы Асқар Мамин алдында Абылай Мырзахметов мәлімдеді. Сөзінше, карантин жарияланғалы кәсіпкерлер шаш етектен шығынға батқан. Бірі несиесін төлей алмай титықтаса, енді бірі мәжбүрлі демалысқа кетуге мәжбүр болған.

Абылай Мырзахметов: «Сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлердің 39 пайызы сұраныстың төмендегенін айтып отыр. 22 пайызы несие төлеуге қаражаттың жоқтығынан қиыншылық көргенін, ал 19 пайызы салықты төлей алмайтынын айтып отыр. 29-дан астам кәсіпкерлерде 193 мың адам жұмыс жасайды. Олардың 14 жарым пайызы қысқартылды. 34 мыңнан астам адам мәжбүрлі демалысқа кетіп отыр».

Осылай деген Абылай Мырзахметов мәселені шешуге аймақтағы кәсіпкерлер палатасын атсалысуға шақырды. Сондай-ақ, кәсібін қаржыландыруға көмек сұраған бизнес жобаларға да несиенің берілуі кешіктіріліп жатыр екен.

Назерке Үкібасова