Пандемия кезінде қазақстандықтар өзгелерге жұмыла қол ұшын беруде

202

Қазақстан халқы бірлігін тағы бір дәледеді. Өткен жылы арыстықтарды далада қалдырмаған жанашыр жұрт, биыл індетпен күресіп әлек.

Қандастарын өлім аузында қалдырмау үшін бірі қолда бар дәрісін берсе, екіншісі оны алуға қаржы құйды. Осылайша жағадан алған жауды ел бірігіп еңсере бастады.

Соңғы аптада елімізде коронавирус пен пневмония жұқтырғандар күрт көбейді. Салдарынан жұрт жаппай дәрі іздеуге көшіп, жасанды тыныс алу аппараты тапшылыққа айналды. Емдеу құралы мен құрылғысының жеткіліксіздігінен елімізде ажал құшқандар да аз емес. Бұл сынақ елді тағы да жұдырықтай жұмылуына себеп болды.

Шымкенттік тұрғындар да қайырымдылық жасаудан қалысар емес. Осылай деген қала еріктілері демеушілердің тоқтаусыз қаржы аударып отырғанын айтады. Қаржы жұмыссыз қалған отбасыларға азық-түлік алуға жұмсалған. Сондай-ақ, еріктілер соңғы күндері дәрігерлер мен жұмысшыларға түскі ас тасуға кірісіпті.

Гузаль Әуелбекова, ерікті: «Тұрғындардың көбісі бізге дәрі-дәрмекті тегін тапсырды. Бұл игі іс әлі де үзілген жоқ. Оған мұқтаждар да азаймай тұр. Кеше түнде ғана бір әйел дәрі керек деп хабарласқан еді. Оның сұраған препаратын таптық. Келіп алып кетіңіз десек, жүруге шамам келмейді деді. Осындай науқастар жетерлік. Тағы бір қайырымдылар қай дәріханада қандай емдеу құралы бар екенін хабарлап отырады».

Індет жұққан науқастарға көмек үшін әлеуметтік желіде түрлі парақшалар да іске қосылды. Онда бірі үйінде қалған дәріні тегін берітінін, енді бірі жасанды тыныс алу аппаратын іздеп жүргенін жазған. Осындай істің басы-қасында жүрген белсенділердің бірі — Өмір Шыныбекұлы. Айтуынша, елдің бір-біріне бей-жай қарамауы жүректіліктің белгісі.

Өмір Шыныбекұлы, тарихшы, ұстаз: «Айтайын дегенім, халқымыздың жүрегінің үлкендігі. Егер біз оны пайдалана алсақ, ол қуатты күш. Оны былтыр өздеріңіз Арыста көрдіңіздер. Сол кезде ауруханаларды өзім араладым. Мұғалімдердің айлығы көп емес қой. Сонда мұғалімдердің памперс алып, кімге керек деп көмек беріп жүргенін көрдім. Бұл потенциалымыздың үлкен екенін көрсетеді. Егер дұрыс пайдалансақ, үлкен күш. Індетті бірігіп еңсереміз».

Отандастарымыз жасанды тыныс алу аппараты мен дәрі-дәрмек үшін қаржы жинауды да бастады. Оның нәтижесі көп күттірген жоқ. Айнұр Тұрсынбаева бастаған белсенділер Түркиядан қажетті құралдарды жіберіп, ол Қазақстанға бүгін жеткізілді.

Назерке Үкібасова