Автожуу орындарының жұмыс уақыты ұзартылды

145

 

Шымкентте карантин шектеулері жеңілдетілді. Бүгіннен бастап қаладағы осыған дейін жұмысына тыйым салынған кей нысандар іске қосыла бастады. Дегенмен, бұл нысандарда санитарлық жағдай қатаң қадағаланады. Себебі, салаға жауаптылар әлі де қауіп сейілген жоқ дейді.

Шымкенттіктер бірте-бірте карантин құрсауынан құтылып келеді. Осыған дейін жұмысына тыйым салынған кей қызмет көрсететін нысандар бүгіннен бастап жұмысқа кірісті. Химиялық тазалау, кір, кілем жуу орындары, аяқ киім жөндеу шеберханалары іске қосылды. Бақша құрал-саймандары мен құрылыс заттарын сататын дүкендер, ұялы байланыс дүкендері мен бизнес-орталықтар, адвокат, нотариус, сот орындаушылары кеңселері жұмыс істеуге рұқсат алды.

Ғалымжан Әбішев, Шымкент қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бастығының орынбасары: «Автожуу орындарының жұмыс уақытысы сағат 09:00-ден 21:00-ге дейін шектелумен жұмыс істеуіне рұқсат етілді».

Десе де еркінсуге әлі де ерте. Себебі індеттің өршу қаупі басылған жоқ. Коронавирусқа шалдыққандар арасында өлім-жітім жағдайлары тыйылар емес.

Ғалымжан Әбішев, Шымкент қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бастығының орынбасары: «Карантин шектеулері қаладағы эпидақуалды біраз жақсартты. Алайда, өлім-жітім жағдайлары әлі де тіркелуде. Ковидтен осыған дейін 47 адам қайтыс болған болса, 8 адамның өлім-жітімі өткен аптада тіркелді».

Айта кетейік, COVID-19-бен осыған дейін 5131 жағдай тіркелген, қазір1218 науқас емделуде. Өткен тәулікте инфекцияның 10 жағдайы тіркелген.

Мақпал РЫСБАЕВА