Бейнебақылау камераларының көмегі көп болып тұр. Соның арқасында қаншама қылмыс ашылып, күдіктілердің жолы кесілуде. Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданында бейнебақылау камерасының көмегімен 7 қылмыс ашылып, 2000-нан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Сарыағаш ауданында ұсақ-түйек жымқыру, бұзақылық қылмыстарының алдын алу мен үлкен жолдардағы жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында және Өзбекстан Республикасымен шекаралас болуын ескеріп, шекара бекеттеріне, үлкен тас жолдарға бейнебақылау камерасы орнатылған.
Заманауи құрылғылардың көмегі аудандық АПБ-не көп болып тұр. Сарыағаш АПБ кіші жедел басқару орталығына арнайы WI — FI жүйесі арқылы жалғанып, сол жерден полиция қызметкерімен басқарылады.
Сарыағаш АПБ Кезекші бөлімшесінің бастығы полиция майоры Рысқали Қолдасов: «Қолданыстағы бейнекамераның көмегімен қылмыстың алдын алу, оның ішінде қоғамдық орындармен көшелерде жасалған қылмыстарды ашу, жол — көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында үстіміздегі жылдың 7 айында бірқатар іс — шаралар аткардық. Камерадағы жазба бойынша 7 кылмыс дер кезінде ашылып, 2161 құқық бұзушыға ҚР ӘҚБтК-нің түрлі баптарымен әкімшілік шара көрілді. Яғни, бейнебақылау камерасының көмегімен дүкен, пәтер, автокөлік ұрлығы қылмыстары мен жаяу жүргіншіні қағып кету немесе басқа да орын алған заңсыздықтар ашылып отыр»-деп атап өтті.
Айбар Нұргелдиев