ҚМДБ Шымкент қаласының өкілдігі, қашықтықтан құрбандық шалу аясында сойылған мал еттері осылайша бірден тиісті мекенжайларына жеткізіліп, ұлық мерекенің мейірін сезіндірді.
Құрбандық еттерін тарату жұмыстарына Шымкент қаласы мешіттерінің қызметкерлері мен жамағатынан құралған жұмыс тобы және Шымкент қаласы әкімдігінің ұйытқы болуымен қаладағы еріктілер тобы белсене атсалысып, айттың алғашқы күні-ақ қаншама отбасыға қуаныш сыйлады.
WWW.QURBAN2020.KZ жобасы бойынша жүйелі есеп беріп тұратыны жайлы осыған дейін өздеріңізге хабарлағандай, 2020 жылдың 31 шілдесі сағат 19:00-дегі мәлімет бойынша республика деңгейінде 3225 адам құрбандық шалуға тапсырыс берді. Бүгін, яғни Құрбан айттың бірінші күнінде Шымкент қаласы бойынша 300 мал шалынды. Оның ішінде қой – 76, ірі қара –15, ешкі – 30, тоқты — 179. Барлық мәліметті жинақтап айтқанда, Шымкент қаласы бойынша 3800 адам ет алуға өтініш білдірді, соның 500 отбасыға құрбандық еті таратылды.
Айта кетейік, құрбан шалу және тарату рәсімдері ертең де жалғасады.