Түркістан облысы Бәйдібек ауданында малға түсіп, тартып кетіп жатқан қасқыр мен шибөрілерді ату басталды. Бұл туралы жергілікті аудан әкімдігі хабарлады. Олардың мәліметіне сәйкес, Ағыбет ауылдық округі аумағында малға қасқыр шабу дерегі тіркелген. Нәтижесінде, бірнеше шаруа қожалығы мен шаруаларға залал келген. Қасқырлардың малға қырғидай тиюі Боқтысай, Қалаубай асуы, Құсұя, Жанамасай, Тұйықбұлақ аумағында байқалған.
«Түркістан облыстық комитетінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, Түркістан облысы ветеринария басқарамасы және Бәйдібек ауданы әкімдігі бірлесіп тиісті шараларды қолға алды. Қазіргі таңда Созақ, Ордабасы, Отырар және Бәйдібек аудандарынан шыққан кәсіби аңшылар тобы ауданның картасы арқылы қасқырлар мен шиебөрілердің мекендеуі мүмкін деген бағытқа аттанып, түнгі рейдтік шараларды бастап кетті»
БӘЙДІБЕК АУДАНЫ ӘКІМДІГІ
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының дерегінше, биыл Түркістан облысында 368 бас қасқырды, 2400 бас шибөріні атуға рұқсат берілген. Рұқсатты 1700-ге жуық аңшы алған.
Қазіргі таңда Сауран, Төлеби және Түлкібас ауданының тұрғындары көмек сұрап, хат жазған. Екі аңның қарасы көбейгенін, малға, тіпті адамға шауып жатқанын айтып, дабыл қаққандар да бар.
Дилара Иса






