Шымшаһарда парақорлық тиылар емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басшысы жыл басынан бері бармақ басты көз қысты әрекет бойынша 73 қылмыстың тіркелгенін айтады. Оның 43 пара алу, ал 18 ақша жымқыру бойынша анықталған. 70 іс сотқа жолданып, 30 мемлекеттік қызметкер түрмеге жабылған.

Ардан аттау әсіресе, құқық қорғау, ауыл шаруашылық, білім, сот және құрылыс саласында тіркелген. Мәселен, жуырда ғана Шымкенттің сәулет және құрылыс басқармасының басшысы жарты миллиардқа жуық теңгені жымқырды деген күдікке ілінді. Бұл бар сұмдықтың бергі жағы. Бірер күн бұрын тағы бір қызметкер 15 мың АҚШ долларын қалтаға басты деп айыпталды. Мемлекеттік ішкі аудит департаменті жетекшісі бұл қаржымен біреуді жұмысқа орналастырмақ болған дейді Асхат Жұмағали.

Бұған дейін Абай аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау басқармасы басшысының орынбасары пара ретінде ақша ғана емес, энергетикалық сусын алғаны үшін айыпты болды. Шымкенттік шенеуніктердің ауызбастырық алудағы ерекшелігі мұнымен бітпейді. Қаланың мәдениет басқармасының лауазымды қызметкері пара орнына су тазалағыш фильтр алып, оны туысының үйіне орнатып берген. Осылайша пайда көрем деген бұрынғы шенеунік енді 4 жарым жылын түрмеде өткізеді.

Мемлекеттік қызметкерлердің пара алуына карантин де кедергі болар емес. Қайта қатаң режим ауызбастырық алуға жаңа мүмкіндік берген сыңайлы. Мәселен, Әл-Фараби аудандық кәсіпкерлер бөлімінің басшысына саудагерлер жұмысын тоқтатпағаны үшін ақша алып отырды деген айып тағылыпты.

Назерке Үкібасова