Бір планшеттің құны – 900 мың теңге. «SHYMKENT» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы АҚ құны осынша тұратын құрылғыға тапсырыс берген. Бұл туралы бүгін корпорация өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте айтылды.

Пандемия кезінде қаражатты барынша үнемдеудің орнына бір ғана техникаға осынша шығындалуға не себеп? 950 мың теңге жалақы алатын мекеме төрағасы мұны қалай түсіндірді?

Брифингті селфиден бастаған Канкин мырзаның «SHYMKENT» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы АҚ төрағасы болып тағайындалғанына бүгін тұп-тұра 100 күн толыпты. Ол осы аралықта атқарылған жұмыстарды қорытып журналистер алдында есебін берді.

Айтуынша, қазір қалада корпорацияның ықпалымен 65 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Құны 287 млрд. теңгені құрайтын 33 инвестициялық жобаны іске қосу бойынша да тиісті құжаттар рәсімделіп жатыр екен. Инвестиция демекші, мекеме биыл инвесторлармен жұмыс істеуде таптырмайтын құрал саналатын құны 900 мың теңгеге планшетті тапсырыспен алдырған. Алайда төраға қымбат құрылғының қанша инвестиция әкелгенін дөп басып айта алмады.

Бауыржан Канкин, «SHYMKENT» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы АҚ төрағасы: «Бұл пандемия кезінде қашықтықтан жұмыс істеуге көмектеседі. Инвесторларды бөлінген орындарға апарудың қажеті болмайды. Бұл нарықтағы баға».

Ал төрағаның жалақысы планшеттің құнынан да асып түсті. 950 мың теңге еңбекақысы бар басшы басқаратан корпорация жұмысы осыдан екі апта бұрын қала әкімінің сынына ұшыраған еді. Мұрат Әйтенов ашылғанына 3 ай болған кәсіпкерлерге арналған үкіметтің жұмысына көңілі толмайтынын аңғартқан. Мәсәлен, осыған дейін орталыққа 5 мың азамат келіп, кеңес алыпты. Алайда, қызмет алушылардың қаншасы нақты кәсіпке бет бұрған? Мекемедегілер бұған дейін мұндай сараптамаға «бас ауырта» қоймаған.

Ерлан Қаттабеков, «Shymkent» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары: «5 мың адамдай келіп кетті. Нақты жобалармен айналысатыны туралы енді сараптама жасалынады. Менің ойымша, келгендердің 10 пайызы жобалармен айналысқан».

«Сапалы жұмысқа ден қоямыз» деген «SHYMKENT» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы өкілдері алдағы уақытта инвесторлар салатын тұрғын үй көлемін жылына 1 млн. шаршы метрге дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Онымен қоса кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті шымкенттіктерді қолдау үшін қолға алынған «1000 сауда орны» жобасын да жеделдетеміз деп құлшынып отыр.

Мақпал Рысбаева