Шымкентте жекеменшік мектептердің құрылтайшылары, мектеп директорлары мен мұғалімдері шағым айтты. Әкімдікке келген олар екі айдан бері жалақы ала алмай жүргеніне шағынды. Бұған жаңа жоба кедергі болып тұр. Жан басына шаққанда қаржыландыру кідіріп тұрғанын қала әкімдігі де растады. Жиналғандардың шағымы мен әкімдік уәжін телеарна тілшілері де тыңдап қайтты.
«Бұл жерде қарапайым халық, қарапайым мұғалімдер зардап шегіп тұрмыз»
Кеше кешқұрым Шымкент қаласы әкімдігіне жекеменшік мектептерде жұмыс істейтін жүзден аса мұғалім, мектеп директоры мен кәсіпкер жиналды. Олар қыркүйек айынан бері еңбекақысын ала алмай жүргеніне шағынды. Айтуларынша, жекеменшік мектептерге бала басына шаққанда мемлекеттен төленетін ақы кешеуілдеп жатыр. Соның есебінен мұғалімдер жалақысыз қалып тұр.
«Біз кімге айтамыз? Біз директорымызға айтамыз, құрылтайшымызға да айтамыз. Енді одан нәтиже шықпаған соң, әрине, амалдың жоғынан сіздердің алдарыңызға келеміз. Әйтпесе біз заңды бұзып, тәртіпті бұзғымыз келмейді».
Мұғалімдердің пікірінше, еңбекақы уақытылы төленуі керек. Ол үшін жекеменшік мектептерді ашқан кәсіпкерлерге өкімет ақысын өтеуі тиіс. Өйткені уәде берілген, жұмыс тоқтамаған.
Ербол Кәрібаев, MAXIMUM жекеменшік мектебінің директоры: «Жасалып жатқан жұмысқа уақытылы ақысын төлеу керек. Өйткені біз осы уақытқа дейін мектебімізді жауып қойған жоқпыз. Жарығымызды өшіріп, есігімізді жауып, мұғалімдерді, оқушыларды қайтарып жіберген жоқпыз. Біз сабағымызды өтіп жатырмыз. Бірақ неге екені белгісіз қаржы орталығы өз міндеттерін уақытылы өтемей жатыр. Мысалы, кез-келген мекеме қызметін жасамаса оған шара қолдануы керек. Басшыларын алмастырады., айыппұл салады. Басқа да жазалау нұсқалары болуы керек. Бұл жерде ешкім жазаланып тұрған жоқ».
Жекеменшік мектептердің құрылтайшыларының да айтары бар. Мысалы, 620 бала оқитын Қайнарбұлақ негізгі мектебінде 68 адам жұмыс істейді. Оларға да қыркүйек айынан бастап ақша түспеген. Құрылтайшы қыркүйек айының жалақысын өз қалтасынан өтеген. Қазан айына шамам жетпейді дейді. Жалпы жекеменшік мектептерді қаржыландыру неге тоқтап тұр? Себебі неде?
Сәрсенбек Молдашев, Қайнарбұлақ негізгі мектебінің құрылтайшысы: «Себебі, былтыр қаржы орталығымен қаржыландырылған. Биыл жергілікті бюджеттен беріледі қаржы. Бұл туралы қыркүйек айының 18-не сессияда қаралды. Ақша қазір ауада тұр. Ешқандай бөлінген жоқ. Пилоттық жоба енгізіп жатыр. Былайша айтқанда, отауын сайлап баратын жерін сайланбаған тірлік болып тұр мына жерде. Отауы қайда, жері қайда екені белгісіз. Бас-аяғы жоқ пилоттық жоба болып тұр».
Әкімдік жан басына шаққандағы қаржыландыру, жекеменшік мектептерге төленетін қаржының кідіруін жаңа пилоттық жобамен байланысты екенін растайды. Десе де бұл жергілікті әкімдік деңгейінде шешілетін мәселе емес. Оқу-ағарту министрлігінің шешіміне байланысты дейді.
Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімімінің орынбасары: «Кідіруге себеп болып отырған осы орта білім саласындағы орталық мемлекеттік саясатты қалыптастыратын оқу-ағарту министірінің жекеменшік мектептерді қаржыландырудың пилоттық жобасын іске қосу болып табылады. Ол жоба бойынша бұдан кейін барлық жекеменшік мектептер мен осыған дейін қаржы орталығы келісімшартқа отырып, республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыны беріп келсе, бұдан кейін қаржы орталығымен қатар бұл жекеменшік мектептермен жергілікті атқарушы орган яғни білім басқармасы да келісімшартқа отырып ведомсты қалыптастырып, орындалған жұмыстарға жергілісті басқарма қол қоятын болады».
Сәрсен Құранбек жаңа жобаны рәсімдеу ісі уақыт алып жатқанын айтады. Әйтпегенде қала әкімдігі тарапынан еш кедергі жоқ дейді ол. Ал қызметкерлердің жалақысын төлеуге әкімдік емес, құрылтайшы жауапты екенін ескертеді.
Ресми мәлімет бойынша, Шымкентте 137 жекеменшік мектеп бар. Оның 121-і қаржы орталығымен жан басына шаққанда төленетін қаржыға қатысты келісімшартқа отырған. Оған айына шамамен бір жарым миллиард теңге төлем жасалады. Бұл жекеменшік мектептердің бүкіл шығынына жұмсалатын қаржы. Оған мектеп мұғалімдері мен қызметкерлерінің еңбекақысы да кіреді.
Дилара Иса






