​Орамал – кәсібін дамытуға көмектесті

77

Арыс қаласындағы жеке кәсіпкердің ай сайынғы табыс көзі – 300 мың теңге.

Балнұр Төрехан орамал тігіп, оны сату арқылы өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Сүйікті ісімен айналыспас бұрын Балнұр оқу курстарынан өтіп, тігін ісі дағдыларын игерді.

Содан кейін ол 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грантты жеңіп алып, тігін машинасын сатып алған.

Осылайша ол жеке шағын тігін цехындағы жұмысын бастады. Бүгінде кәсіпкер келіншектің тұрақты тұтынушылары бар. Келіншек күніне 10 дана орамал сатады, әрқайсысы 2500 теңгеден бастап саудаланады.

Кәсіпкердің айтуынша, кететін шығындарын қоспағанда айына 300 мың теңге таза табыс табады.

Арыс қаласының тұрғыны Әлім Оспанхан да «Жұмыспен қамту бағдарламасы» бойынша 505 мың теңге көлемінде өтеусіз мемлекеттік грант алды. Бұл қаражатты өз ісін дамытамын деген ол тез дайындалатын тамақ ісіне жұмсаған. Оның бизнесі алға жылжи бастаған.

Бүгінде кәсіпкердің табысы күніне 20 мың теңгені құрайды. Жақын арада ол өз ісін одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.

Арыс қаласында мемлекеттік бағдарламаны пайдаланғысы келетіндер саны артып келеді. Бөлінген 139 гранттың 80-і игерілді. Бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жалғасуда. Егер сіз өз кәсібіңізді бастағыңыз келсе, Жұмыспен қамту орталығына хабарласып, ақысыз қаражат ала аласыз. Бейіндік білім алып, бизнес-жоспарыңыз мақұлданғаннан кейін бір ай ішінде мемлекеттік қолдау ие болуға болады.