Жақында әлеуметтік желіде Түркістан облысындағы мектептердің бірінің спорт залындағы жөндеу жұмысы туралы видео тарады. Онда кілең әйелдердің қабырғадағы ескі бояуды қырып, түсіріп жатқаны байқалады. Енді бірі содан шыққан қоқысты арбаға салып тасиды. Бұл видеоны көрген жұрт түрлі пікір білдіріп жатты.
Ал облыстық білім басқармасы мектептің техникалық қызметкерлері жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын растады. Басқарманың жазуынша, бұл жоспарлы жазғы жөндеу жұмысына дайындық. Мектептің техникалық қызметкерлері өз міндеттері аясында ұсақ жөндеу, ретке келтіру, тазалық және абаттандыру жұмыстарына қатысады.
«Бұл жерде құрылыс жұмыстары техникалық қызметкерлерге беріліп, олар қосымша немесе артық жұмысқа тартылып жатқан жоқ. Қызметкерлердің еңбек міндеттері мен жұмыс уақыты қолданыстағы талаптарға сәйкес жүргізілуде»
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ
Басқарма мектептің қауіпсіз әрі қолайлы жағдайын қамтамасыз ету – білім беру ұйымының басты міндеттерінің бірі деп жазады. Осы бағыттағы жұмыстар заң талаптарына сай, жоспарлы түрде жүріп жатыр. Мектепте жүргізіліп жатқан ағымдағы әктеп-сырлау жұмыстарына бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Бұл үшін ақша қарастырылмаған. Тек әктеп-сырлауға қажетті сыр-бояу мен эмульсия сатып алуға ғана қаржы бөлінген.
Дилара Иса






