Қаржылық пирамида: 70 млн. теңгеден астам қаражат тәркіленді

350

Қаржылық пирамидаларға қатысты күдіктілерден 70 миллион теңгеден аса ақша тәркіленді. Бұл туралы ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар ӘДІЛОВ мәлім етті.

Айтуынша, сезіктілерден тәркіленген мүліктің жалпы құны 2 миллиард теңгеден асады. «Гарант 24 Ломбард», «ЕЅТАТЕ Ломбард» деп аталатын қаржылық пирамидаларға қатысты 17 мыңнан астам жәбірленуші шағым түсірген. Осы уақыт аралығында 116 іс сотқа жолданыпты.

ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділовтің айтуынша, «Гарант 24 Ломбард» ЖШС, «ЕЅТАТЕ Ломбард» және «Выгодный заем» бойынша полицияға 17 мыңнан аса адам өтініш білдірді. Шығын 22 миллиард теңгеге бағаланды. Ұйым басшыларына қатысты 32 қылмыстық іс тіркеліп, 51 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр.

Министрлік өкілдері халық оңай олжаға тап болам деп сан соғып қалмасы үшін тиісті түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізетіндерін айтады. Бірақ бұл жеткіліксіз болып жатқанын жасырмаған департамент басшысы халықты құрыққа оңай түсіретін қаржылық пирамидалардан сақтануға шақырды.

Мақпал РЫСБАЕВА