ҚР Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері адам саудасымен айналысқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қылмыстық топтың құрамында Қазақстан, Ресей және Бахрейн азаматтары болған. Олар Бахрейнде сексуалды эксплуатация мақсатында қыздардың, соның ішінде кәмелетке толмағандардың саудасымен айналысқан.
ІІМ-нің мәліметінше қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы 16-25 жас аралығындағы қыздарды іздеп, өздеріне тартқан. К өздеген адамдарын әсіресе, Қазақстанның оңтүстігінде халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобынан іздеген. «Қылмыскерлер адамдардың сенімін пайдаланып, шетелде көп ақша табуға болатыны жөнінде өтірік сөзге сендірген. Бойжеткендер келіскеннен кейін олардың құжатын рәсімдеу, зардап шегушілерді, оның ішінде кәмелетке толмағандарды заңды жолмен Бахрейн Корольдігіне алып шығуды ұйымдастырған.
Бахрейнге жеткізілген әрбір бойжеткенді қылмыскерлер 5 мыңнан 15 мың АҚШ долларына дейін сатқан. Манамаға келгеннен кейін олардың құжаттарын тартып алып, заңсыз бас бостандығынан айырып, ұзақ уақыт бойы жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Бағынбаған жағдайда сабап, 500 мың теңгеге дейін ақшалай айыппұл салып, тіпті басқа жеңгетайларға сатып жіберетіндерін айтып қорқытқан», — деп хабарлайды ІІМ-нен. Қазіргі уақытта аталмыш фактілер бойынша ҚР 135-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (кәмелетке толмағандардың саудасы) және 128-бабы 3-бөлігі (адам саудасы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Ұйымдастырушылар ұсталып, уақытша оқшаулағышқа қамалған. Еске сала кетсек, биылғы жыл басында Бахрейнде сексуалды құлдықта болған қазақстандық бойжеткендер елге қайтарылған болатын. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінен мәлім еткен еді.