«Шымкент тарихын жамылып, есірткі саудалап отыр…»

200

Шымкент тарихымен танысамын деп есірткі саудалайтын сайттан бір-ақ шыққан. «ELITAR.KZ» сайтының редакторы ғаламтордан қала тарихы жайлы ақпарат іздеп, есірткі ортасына тап болған. Сөзінше, пысықайлар заңсыз сауданы енді тәуелсіздік атын жамылып жасайтын болған. Ал, қала полицейлері бұл жағдайдан хабардармыз дейді. Қолдан келер қайыр болмай отырғанын айтады.

Анаша сатып алу еш қиындық туғызбайды. Осылай деген «ELITAR.KZ» сайтының редакторы бұл ақпаратты ғаламтордан оқығанын айтады. Ашық дереккөзде тіпті олардың түр-түрі ұсынылған. Кокаиннен бастап, марихуанаға дейін ашық саудаланған.

Саида Турсуметова, «ELITAR.KZ» сайтының редакторы: «Шымкент қаласының тарихы туралы материал жасай отырып, күдік туғызатын сілтемелерге кездестім. Онда есірткінің түр-түрі саудаланып жатыр. Мәселен, Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі шымкенттіктер өсімі жайлы сілтемені ашқанда тіпті басқа ақпаратты оқисың».

Сауданы ел тәуелсіздігі, Шымкент тарихы тақырыбын жамылып жасап отырғандар жайлы полицийлер де хабардар екен. Сөздерінше, олар мұндай бұзақылармен барынша күресіп келеді. Алайда, заңсыз сауданың алдын қанша кескенімен, одан шыққан нәтиже болмай тұр дейді жауаптылар.

Бауыржан Қарбеков, Шымкент қаласы бойынша ДП есірткі қылмыстарымен күрес бөлімінің аға жедел уәкілі: «Жыл басынан бері есірткі саудаланатын 5 парақшаны анықтадық. Оның бұғаттау үшін министрлікке жібердік. Бізде онымен айналысатын ІТ технологтар жоқ. Бірақ, осыған қарамастан қолдан келгеннің барлығын жасап жүрміз».

Айта кетейік, 8 ай ішінде Шымкентте есірткіге байланысты 167 қылмыстық іс тіркелген. Оның 13-і заңсыз сақтау, 4 аса үлкен көлемдегі анаша, 13 заңсыз есірткі өсіру бойынша анықталған. Осылайша жыл ішінде құқық қорғау қызметкерлері Шымкентте 38 келі наркотик тапқан. 112 азамат осы үшін темір торға тоғытылды.

Бауыржан Қарбеков, Шымкент қаласы бойынша ДП есірткі қылмыстарымен күрес бөлімінің аға жедел уәкілі: «3-4 күн бұрын ғана 2 үлкен дорбадан анашаға ұқсас зат тәркіледік. Зерттеу нәтижесінде оның марихуана екені анықталды. Салмағы 4 келі 755 грамм екен».

Жыл сайын есірткі қылмысына байланысты жаза қатаңдатылып келеді. Бірақ, осыған қарамастан оны сатушылар мен қолданушылар азаяр емес. Айта кетейік, заңсыз затты жарнамалаған азамат 3 жыл бас бостандығынан айрылады. Ал, оны қолданғандар 15 жылға, сатқандар 10 жылға темір торға тоғытылады.

                                                                                                Назерке Үкібасова