Шымкент тағы да әлемдік жеңіл атлетиканың орталығына айналды. Қалада Орталық Азиядағы ең беделді турнирлердің бірі, World Athletics Continental Tour Bronze сериясына кіретін Ғұсман Қосановты еске алуға арналған ХХХV халықаралық мемориал аяқталды. Екі күн бойы стадион жолақтарында 11 елден келген кіл мықты спортшылар жүлделер мен рейтингтік ұпайларды сарапқа салды. Отандық спортшылар арасында шымкенттік жеңіл атлет Ақбілек Құралбай ең үздік нәтиже көрсетті: ол 5000 метрге жүгіруде алтын медаль еншіледі.
АҚБІЛЕК ҚҰРАЛБАЙ, ЖЕҢІЛ АТЛЕТ: «Шымкентте ауқымды халықаралық турнир өтіп жатыр. Спортшылар үшін мұнда тамаша жағдай жасалған: заманауи стадион, жоғары деңгейдегі ұйымдастыру жұмыстары мен қолайлы ауа райы жоғары нәтиже көрсетуге септігін тигізеді. Жақында ғана Қытайда өтетін Азия чемпионатына аттанамын. Бүгін бірінші орынды иелендім, бұған өте қуаныштымын».
Қазақстанның өзге де өкілдері нық сеніммен өнер көрсетті. Аделина Земс 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруде үздік атанды. Аяна Болатбекқызы 1500 метрлік қашықтықта алтын, ал 800 метрде қола медаль жеңіп алды. Мария Ефремова үш қарғып секіруде топ жарса, Ефим Тарасов 400 метрлік қашықтықта қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмады, ал Рамазан Шаиев 800 метрге жүгіруде мәре сызығын бірінші болып қиды.
ДЕНИС МОСЕЕВ, ЖАРЫСТЫҢ БАС ТӨРАҒАСЫ: «Қазақстан құрамасы өте лайықты өнер көрсетті. Көптеген спортшы үшін бұл маусымдағы алғашқы маңызды ресми жарыс болды, сондай-ақ алдағы халықаралық бәсекелерге дайындықтың маңызды кезеңіне айналды. Біз команданың жақсы нәтижелері мен дайындығының жоғары деңгейін көрдік. Сондай-ақ Аделина Ахметованың өнерін ерекше атап өткім келеді — ол бүгінде Азиядағы ең мықты барьершілердің бірі екенін тағы да дәлелдеді».
Юбилейлік Ғұсман Қосанов мемориалы өзінің жоғары халықаралық мәртебесін тағы бір мәрте растады. Жарыс өткен екі күнде стадион жарқын жеңістердің, тартысты бәсеке мен жоғары нәтижелердің алаңына айналды. Турнир жанкүйерлерге тартымды жеңіл атлетика сыйлап қана қоймай, спортшылар үшін маусымның басты жарыстарына дайындықтың маңызды кезеңі болды.
Ботакөз Әнуар






