«Сөзі ісіне сай емес»…

96

«Сөзі ісіне сай емес». Бүгін «Nur Otan» партиясы филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің комиссиясының мүшелері цифрландыру басқармасының жұмысын сынға алды.

Басқарма басшысының міндетін атқарушы Досан Әлібектің баяндамасын тыңдаған комиссия мүшелері салада атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толмады.

Цифрландырудағы кемшіліктердің салдарын айналып келгенде онлайн оқуға мәжбүр болған оқушылар тартып жатыр. Бұл мәселе қашан қалай шешіледі?

Қаланың шалғай аудандарын интернетпен қамтуда атқарылып жатқан жұмыстарды жіті тыңдауға комиссия мүшелерінің шыдамы жетпеген сыңайлы. Себебі, келтірілген цифрлар мен ауызша мәліметтер шындыққа жанаспайды дейді «Nur Otan» партиясы филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Тасқынбай Бөрібаев.

Тасқынбай Бөрібаев, «Nur Otan» партиясы филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы: «Нақты проблеманы айтыңыз, сіздің сөзіңізге қарағанда бәрі жақсы. Бірақ мойындау керек, балалар оқи алмай жатыр».

Цифрландырудағы олқылықтардың салдарынан онлайн оқу шәкірттердің оң жамбасына келмей жатыр. Салдарынан кей оқушылар темір жол жағалап білім алуға мәжбүр. Десе де көкбұлақтық балалардың бұл мәселесі бүгін-ертең шешілмейтін сыңайлы. Себебі, базалық станса орнату жұмыстары ұзын-сонар уақытты алады дейді салаға жауаптылар.

Досан Әлібек, Шымкент қаласы цифрландыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Базалық станса орнату ұзақ уақыт алады, компаниялардың басшылары Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында. Оларға шығып жатырмыз».

Айта кетейік, қазір қаладағы оқушылардың 80 пайызға жуығы қашықтан білім алуда. Алайда, қоғамдық кеңес мүшелері әлі күнге мұғалімдердің білім платформасына жарымай келе жатқанын алға тартты.

Алдағы аптада бірлескен тараптар күрмеулі мәселенің шешімін бірге талқылайтын болды.

Мақпал РЫСБАЕВА