«Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресте үйлестіру жоқ»

162

«Үйлестіру жоқ». Зорлық- зомбылыққа қарсы күресуге жұмылдырылған құзырлы орган өкілдерінің арасындағы жүйесіздіктің салдары қылмысқа алып келуде. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин осылай деді.

Депутаттар бүгін отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жаңа заңнама отбасылық қайшылықта жиі зардап шегетін әйелдер мен балалардың құқын қаншалықты қорғайды?

Мәжіліс қабырғасында бүгін тұрмыстық зорлық-зомбылықта жиі зардап шегетін әйелдер мен балалардың жайы көтерілді. Әсіресе, карантин кезінде көбейіп кеткен отбасылық қайшылықтарға енді халық қалаулылары да алаңдай бастады. Себебі, жұмыссыз кезеңде бұл санаттағы қылмыстар 25 пайызға артып кеткен.

Биылдың өзінде зорлық-зомбылық белгілерімен 130 мыңға тарта шағым түскен. Арызданушылар саны артқанымен шаңырағының беркесін алатын бұзақыларды тезге салу мүмкін болмай отыр.

Жаңа заңнамаға бас-аяғы 70 шақты өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп отыр. Егер ондағы шаралар да тек құжат жүзінде қалып қоймаса, өз отбасының шырқын бұзғандар қатаң жазалануы тиіс. Әсіресе, әдепсіздігін баланың көзінше жасағандарға шара тіпті қатаң. Енді отбасылық жанжал шығаратындарға 30 күн бойы жәбірленушімен кездесуге тіпті байланысқа шығуға тыйым салынуы мүмкін.

Депутат Ирина Унжакованың сөзіне қарағанда, тұрмыстық зорлық-зомбылық қатері туралы хабарламаның өзі полицейлердің әрекетіне әсер етеді.

Ирина УНЖАКОВА, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты: «Отбасылық жанжал шығаратындарға 30 күн бойы жәбірленушімен кездесу немесе байланысқа шығуға тыйым салынуы мүмкін. Заң жобасына сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылық қатері туралы хабарламаның өзі, оның ішінде әлеуметтік желіде орналасқан мәлімет те полицейлердің әрекет етуіне негіз болады. Сонымен қатар, қорғау ұйғарымын шығаруда полицейлердің өкілеттігін кеңейту ұсынылды».

Бұдан былай отбасында ұрыс-керістен зардап шегіп, дағдарыс орталықтарын паналаған әйелдер жұмыста еңбек демалысына да шыға алады. Осындай өзгерістерге толы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл заң жобасын халық қалаулары бірінші оқылымда-ақ мақұлдады. Жоба зардап шеккендердің құқықтары мен қауіпсіздігіне кепілдік беріліп отыр.

Мақпал РЫСБАЕВА