Мемлекеттік қызметке тұрған жас мамандар сыбайлас жемқорлықтың қоғамға зор қауіп тудыратын қауіпті індет екендігін терең түйсінуі қажет. Осы тарапта жас мамандарға лас әрекеттерден бойларын аулақ ұстауы үшін ұдайы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді.
Осыған орай, бүгін Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған ақпараттық-ағартушылық Штабының төрағасының орынбасары Тұңғышбаев Ерұлан Отырар және Ордабасы аудандық әкімдіктерінің жас мамандарына кезекті онлайн форматта семинар өткізді.
Кездесудің негізгі мақсаты — ұжым арасында сыбайлас жемқорлық пен құқықбұзушылықтарды болдырмау және алдын алу арқылы елде сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, заңға енгізілген жаңа нормаларды түсіндіру, құқықтық сауаттылықты арттыру болып табылады.
Ерұлан Тұңғышбаев, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған ақпараттық-ағартушылық Штабының төрағасының орынбасары: «Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады, сондықтан да әрбір мемлекеттік қызметші немесе басшы болсын қызметке келгенде өзіне үлкен жауапкершілік жүктелетінін терең түйсінуі қажет, өзгерістерді өздерінен бастап, халыққа адал қызмет көрсетуі қажет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты табысты жүргізуде рухани мәдениеттің жоғары болуы тиіс».
Халыққа, Отанға адал қызмет ету бүгінгі жас буынның мектеп жасынан бойына сіңіруі тиіс асыл қасиеттердің бірі болуы тиіс. Мемлекетке, қоғамға кесірін тигізер теріс қылықтардан аулақ болуын, мектепте, отбасында құлағына сіңіріп өсіру қажет.
Мұны сөз алған жиынға қатысушылардың біршамасы тілге тиек етті. Адал да парасатты азаматтарды тәрбиелеу үшін әркім өзінен бастауы қажет. Ата-анасынан, ұстаздарынан осы ұлы қасиеттерді көріп өскен жас буын ешуақытта да жат қылықтарға бой алдырмайды.
Адалдықты ту еткен маманның ешуақытта да ұтылмайтынын тілге тиек еткен басшы егер сыбайлас жемқорлық фактілеріне куә болса Call-орталығына хабарласуға болатынын ескертті.
Нұрбек Сламов