Арнамызға халық арыз айтып қана емес, алғыс білдіріп те хабарласады. Осы жылдың ақпан айында «тізеден балшыққа батамыз» деп шағынған «Қайтпас-1» шағынауданының тұрғындары жол азабынан құтылғандарын айтып қуанды.

Тұрғындардың бас ауруына айналған бұл жәйтті арна тілшісі мәселе етіп көтеріп, жұртшылықтың жанайқайын жеткізген-ді. Ендігі жерде талай жылдан бері жыр болған жол жөнделіп, көпшілік арман еткен асфальтке де қол жеткізді.

Бұл осыдан 7 ай бұрын түсірілген кадрлер. «Жазда шаң қауып, қыста лай кешіп жүреміз» деп шағынған Шымкенттегі Қайтпас-1 шағынауданы Тұран көшесінің тұрғындары билік өкілдеріне бірнеше рет хат та жазғандарын айтқан. Алайда, «қарастырамыз» деген жауаппен шектелген шенеуніктерден қайран болмады деп шағымданған еді халық.

Қоныстанғанына ұзын-ырғасы 20 жылдай уақыт болған тұрғындар енді міне көптен күткен асфальтке де қол жеткізді. Тұрғындар кезінде электр желілерін өздерінің күштерімен жүргізіп алғандарын айтады. Енді жолды да өзіміз салып алуымыз керек пе деп алаңдап жүргенде «Отырар » телеарнасының араласуымен жол азабынан да құтылдық дейді халық.

Жылдар бойы шаң қауып, лай кешіп қиналған жұртшылық арна ұжымына алғысын жаудырды. Көшелердің жөндеуін былтырғы жылдың жоспарына енгізбей қойған шенеуніктер тиісті басқармаға биыл ұсыныс жолдапты.

Тұран көшесіне параллель жатқан Болашақ көшесін қосып ортақ сметалық құжаттама әзірлеген. Жол құрылысы осыдан бір ай бұрын басталған. Қазір асфальттің астыңғы қабаты салынып жатыр. Бұл мақсатқа бюджеттен 23 млн. теңге қаралған. Асфальттеу жұмыстары қазан айында толық аяқталады.

Мақпал Рысбаева