Өндірісте жүріп мүгедек атанған азамат әділдікке жете алмай келеді. Кентау қаласының тұрғыны осыдан 13 жыл бұрын жер асты шахтасында жұмыста жүріп, бірінші топтың мүгедегі атанған. Содан бері арбаға таңылған Дастан Орынбасаров жұмысберушінің өтемақы бермегенін айтады. Әділдік іздеген азамат сотқа да жүгінген. Алайда одан шыққан нәтиже жоқ деп ашынады.
Дастан Орынбасаровтың қоларбаға таңылғанына биыл 13 жыл. Жігіт ағасы тепсе темір үзетін шағында мүгедек атанғанына ашынады. Бірақ, тағдырдың дегеніне көнгенімен, басшыларының әділетсіздігіне көндіге алмай жүр.
Дастан ОРЫНБАСАРОВ, 1-топтағы мүгедек: «Мүгедек болып отырмын. Арбада отырмын. Осыншама 13 жыл күрескенмен қаражатымды бермей отыр».
Түркістан облысының азаматы Павлодарда жұмыс істеп жүріп, өндірістік жарақат алған. Шахтада үстіне 500 келі тас түскен Дастан 3 ай бойы ес-түссіз ауруханада жатқанын айтады. Сол кезде сақтандыру компаниясы оның жалақысын небәрі 22 мың теңге деп белгілеп, 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы төлем жасаған. Алайда, Дастан Орынбасаров еңбекақысының 130 мың көлемінде болғанын соттасып жүріп, дәлелдеген.
Дастан Орынбасаров, 1-топтағы мүгедек: «Сенің ақшаңды төлейміз, бәрін өзіміздің мойнымызға аламыз» деп 2009 жылы бейбіт шешімге шықты. Әйеліңе де төлейміз деді қарағаны үшін. Сол шешімді олар орындамай кетті».
3 баланың әкесі осылай айтысып-тартысып жүргенде жекеменшік компания банкротқа ұшырапты. Жұмысшының алдындағы қарызын Павлодар облыстық мамандандырылған ауданаралық соты республикалық қазынадан өтеу жөнінде шешім шығарған. Өзіне тиесілі ақшасын өндіріп алу үшін Дастан Орынбасаров Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотына талап-арыз түсіріпті. Бірақ, судья арызды қанағаттандырмаған.
Әріпбек Жақыпбеков, Д.Орынбасаровтың сенімді өкілі: «Сот 4 бірдей соттың шешіміне қанағаттанбай талап-арызды кері қайтарады. Қазіргі уақытта аппеляциялық шағым беріліп, аппеляциялық сот алқасында қаралатын уақыты жақындап тұр».
Әзірге, үкім заңды күшіне енген жоқ. Жәбірленуші тарап аппеляциялық шағым түсіріпті. Есіл аудандық сотындағылар келесі процесс қазан айынның 13-не белгіленгенін хабарлады. Оған дейін бұл мәселеге қатысты қандай да бір мәлімет бере алмаймыз деп отыр.
Ал қиын жағдайға тап болған Орынбасаровтар отбасындағы 5 адам осы күні сақтандыру компаниясынан түсетін ай сайынғы төлем мен жәрдемақыға ғана күн көруге мәжбүр.
Назерке Үкібасова