9 ай ішінде 117 лауазымды тұлға темір торға тоғытылды

179

Биыл Қазақстандағы 117 лауазымды қызметкер ауызбастырық алып, абақтыға түскен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі осылай деп отыр. Олардың арасында әкімдер, басқарма басшылары, судьялар мен әскери бөлім командирлері де бар. Бірі 2 млн. теңге алып айыпталса, екіншісі 100 мың теңгемен ұсталған.

Пара алуға заң қанша тыйым салғанымен, ардан аттайтындар азаяр емес. 9 айдың ішінде Қазақстандағы 117 лауазымды қызметкер ауызбастырық алам деп абақтыға түскен. Оның арасында тіпті судьялар мен әкімқаралар да бар.

Еске сала кетейік, осы аптада ғана Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының экс-төрағасы сот залынан түрмеге жіберілген еді. Ол 300 мың теңге пара аламын деп 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Күнгейде анықталған көлеңкелі істер мұнымен бітпейді. Мәселен, Кентау қаласындағы Ескі Иқан ауылының әкімі де жер берем деп 2 млн. теңге алып, 4 жылға темір торға тоғытылды.

Соңғы екі аптада ел ішінде тағы 8 лауазымды қызметкер сыбайлас жемқорлыққа барды деген күдікке ілінді. Мәселен, Батыс Қазақстан облысының бас дәрігері орайын тауып 78 млн. теңгені қалтаға баспақ болған. Бүгінде оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу изоляторында жатыр. Бұдан бөлек, Маңғыстау облысының тілдерді дамыту мекемесінің басшысы да абаттандыруға бөлінген қаржыны жымқырмақ болды деп айыпталды.

                                                                                               Назерке Үкібасова