«Әмеңгерліктен бас тарттым»

1406

Газетіміздің бұған дейінгі сандарында «Жаңғырық» айдары аясында қазақ халқының әменгерлік дәстүрі арқылы шаңырақ көтеріп, бақытты өмір сүріп жатқан отбасылар туралы жаздық. Ал редакциямызға хабарласқан келесі кейіпкеріміз «әмеңгерлік» дәстүріне сәйкес, қайнысына жар болудан бас тартқан ана.

17 жасымда өзімнен 11 жас үлкен ер азаматқа тұрмысқа шықтым. Жас айырмашылығымыз бізді ешқандай ыңғайсыз жағдайға салмады. Өйткені біз бір-бірімізді қатты жақсы көрдік.
Ол маған үнемі қолдау көрсетті. Бөле ағам үйленіп, үйінде өткен құдалыққа көмектесу үшін әпкем екеуміз де бардық. Болашақ күйеуім құда жақтан келген екен. Сол күні мені көріп ұнатып, кейін бөлемнің келіншегі сеп болып, біз жолыға бастадық.
Әуел баста оны өзімнен тым үлкен санадым. Уақыт өтіп, бір-бірімізді тани түскенде, ол кісіні қатты жақсы көрдім. Оның да маған деген сезімі ерекше еді.
Осылайша бір күні мені алып қашты. Қолдан ұзатып алмақшы болған еді.
Анам: «әлі кішкентайсың» деп тұрмысқа шығуыма рұқсат етпеді.
Сондықтан менің келісіміммен алып қашуына тура келді. Қуғыншылар келгенде өз еркіммен келгенімді айттым.
Бізге бақыт тілеп олар да кетті. Шаңырақ көтерген соң, жасалуы керек рәсімнің барлығы атқарылып, тойымыз болды. Жолдасым інісі үйленгенге дейін ата-енемнің қолында тұратын болдық.
Ешқандай қарсылық білдірмедім. Өйткені ата-енем сондай алтын адамдар еді. Үйімізде атамның шешесі, яғни үлкен енем де бар. Ол кісі аздап аурушаң адам болды. Күйеуім жұмыс істейтін. Қайын жұртым ата-анама мені оқытатындарын айтып, уәде берген. Мен оқуда болдым.
Осылайша уақыт зымырап өтіп жатты.
Күйеуімнен де, ата-енем мен үш қайынәпкемнің де тарапынан ешқандай зәбір көрмедім. Бәрімен өте жақсы тіл табыстық. Арасында ренжісіп қалсақ, тез арада сөйлесіп, мәселенің мән-жайын ашып алушы едік.
Мен бір жарым жылға дейін құрсақ көтере алмадым. Біраз жерлерге барып, емделдіп, дәрігерлерге қаралдық.
Бірінші Жаратқанның қалауымен, екінші алған еміміз де әсер етіп 2-курс соңында бала көтердім. Отбасымыздың қуанышында шек болмады. Әсіресе күйеуім ерекше қуанды. Енемнің енесі дәстүрді өте берік ұстанатын адам болды.
Құрсақшашу дәстүрін жасадық. Енем де сол кісінің тәрбиесін көргені болар кез келген жағдайда атқарылу керек дәстүрді қалт жібермейтін. Құрсақшашудың өзі өз алдына қызыққа толы тамаша күн болып өтті.
Араға 9 ай салып, әкесінен аумайтын ұл баланы дүниеге алып келдім. Отбасымызға періште келіп, күнде соның жүзіне қарап, әрбір қылығына мәз болумен уақыт өтіп жатты.
Ұлымыздың бір жасқа толған туған күнін ерекше атап өткіміз келді. Бір ай бұрын барымызды салып, дайындықты бастап кеттік. Әкесі ұлына ең керемет туған күн ұйымдастырғысы келді. Күнде ұйықтарда «былай істесек қалай» деп бала сияқты қобалжып, туған күнді асыға күтті. Туған күн кешін ағайын-туыс пен дос-жаран ортасында атап өткенше әкесінен маза кетті. Неге екенін осы туған күнді қатты күтті.
Тым қатты қобалжымауын айтып, сабырға шақырып жүрдім. Біз әкесінен тек ағайын-туыстың ортасында шағын ғана атап өтуін өтіндік. Алайда ол зарыға күткен баласына әрі тұңғышына ерекше туған күн жасаймын, деп бой бермеген соң біз де келістік.
Сонша дайындықтан кейін ұлымыздың бір жасқа толған туған күні де жетті. Ойлағанымыздай, жоспарлағанымыздай тамаша өтті. Өте жақсы тілектер айтылды. Ұлымыз үлкендердің ақ батасын алды. Күйеуім баласының туған күні тамаша өткеніне қатты қуанды.
Арадан 1 ай өткенде баламның әкесі жол апатынан қайтыс болды. Қаралы хабарды естігенде, шаңырағымыз шайқалды. Үйімізден құт-береке қашты. Қатты қиналдық. Әсіресе мен сол уақытта қалай қиналғанымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Тіпті сүтім тартылып, баламды емізе алмай қалған кездерім де болды.
Отбасымызды бақытсыздық жайлады. Күні-түні жыладым.
Ұлым болмағанда бұл қайғыға төзе алмас па едім, кім білсін? Өмірден түңілген сәтімде ұлыма қарап күш-қуат алдым. Оған әкесінің аманаты ретінде қарадым. Жасым енді ғана 21-ге келсе де 40 жастағы әйел сияқты есейіп кеттім. Өмір күтпеген сәтте солай тез есейтуі де мүмкін екен.
Өзімді баламмен алдаусыратқым келді, қайғымды баламның қылығын қызықтаумен бүркедім. Ұлым уақыт өткен сайын көз алдымда әкесінен аумай өсіп жатты. Күйеуім жылдық асына дейін ешкім маған ештеңе айтпады. Ата-енем және қайын әпкелерім тек қолдау көрсетті. Көңіліме қарады.
Мінезім өзгеріп, ара-арасында ол кісілерге де ауыр сөйлеуді шығардым. Олар бәрін көтерді. Бірақ өзім аттаған ақ босағадан кетпедім. Баламыз әкесінің шаңырағында ата-әжесінің жанында есейгенін қаладым.
Екінші рет тұрмысқа шығу мүлдем ойымда болмады. Алғашында күйеуімді күнде түсімде көретінмін. Кейін келе сирей бастады. Түсіме кірмей кеткені үшін оған ренжіп те жүрдім.
Немересі қайтыс болған соң үлкен әжем де төсек тартып жатып қалды. Бір күні қатты ауырып жатып соңғы тілегін айтқан екен. Мені күйеуімнің жалғыз інісі — қайныма әменгерлік жолмен тұрмысқа шығуымды қалапты. Көзінің тірісінде некеміздің қиылғанын қалайтынын айтты. Мұны айту – көптен бері ойында жүргенін, маған айту үшін уақыт керек болғанын да жеткізді. Ата-енем де бұған қарсы болмаған. Бірақ соңғы шешімді маған қалдырды.
Мен мұны қабылдай алмас едім. Ағасының жанында жеңгелеп жүрген баланың ешқашан әйелі болмайтыным анық-тұғын.
Олар алдымен қайнымды көндірген. Алғашында қарсы болып, ақыр соңында әжесінің соңғы тілегіне келісімін берген. Айтуларынша, немерелері өз жұртында өскенін және менің де келін болып түскен жердің түтінін әрі қарай түтетуімді қалайды.
Қанша жерден үлкен әжеміздің соңғы тілегі болса да мен қабыл алмадым.
Иә, қазағымызда сондай дәстүрмен шаңырақ көтергендер көп. Бірақ мен қайныма болашақ күйеуім ретінде қарай алмайтын едім.
Әке-шешем де соңғы шешімді мен жасайтынымды айтты. Бірақ олар да әменгерлікпен қайныма тұрмысқа шығуға қарсы болмады. Соңында бәрі менің шешіміме құрметпен қарады.
Бұл жағдайдан кейін бөлек шыққым келді. Ата-енеме қалауымды айттым. Басында келіспесе де кейін келісім берді. Мен ұлымды ата-әжесінен ешқашан алыстатпадым. Өз жұртында өсті десек болады. Демалыстарда тек сол жақта болатын.
Мен бөле сіңліммен бірге тұрып, жұмыс істедім. Өзімді тек жұмысқа арнадым. Осылайша арада 7 жыл өтіпті. Қазір қолын ұсынып жүрген азаматтар бар. Бірақ жүрегімде әлі баламның әкесі, алғашқы махаббатым сақталған.
«Өмір бойына жалғыз өтпейсің ғой, өз өміріңді құр» деп әке-шешем де, ата-енем де рұқсаттарын беріп, айтып жүр.
Алайда мен жан-жарымның орнын баса алатын адамды әлі жолықтырмадым. Мұндай адам кездеспейтін де сияқты. Бар мақсатым – күйеуімнің артында қалған аманаты, ізін жалғастырушы ұрпағына жақсы тәрбие беріп, соның адам болып қалыптасуына бар күш-жігерімді саламын.
Айта кетейін, қайным үйленген. Тамаша келінім бар. Балама әкесіндей қамқор болып келеді. Мені де жеңгесі ретінде сыйлайды. Өзіне тұрмысқа шыққым келмейтінін айтқанымды ол да қуанған.
Бұл жағдайға ағасынан қалған аманат ретінде қабылдап, амалсыз келісім бергенін айтқан. Менің өзіне әйел болмайтыныма 100% пайыз сенімді болғандықтан, әжесінің соңғы тілегіне келісім бергенін де айтып берген.
Қазір арамыз өте жақсы.
Ең бастысы – күйеуімнің артында ұрпағы бар. Әкесінің ізін жалғастырушы – ұлымыздың амандығы мен бақытын тілеп келемін.

Жазып алған – Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №39, 24 қыркүйек 2020 ж