Úı ANONS 11 мың шақырым жол жөнделіп жатыр

11 мың шақырым жол жөнделіп жатыр

Түркістан облысында жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары қарқын алды. Биыл өңірде жүздеген шақырым жол жаңартылып, ондаған ауыл көшесі жөнделуде. Жол сапасы қалай бақыланып жатыр? Талапқа сай келмеген мердігерлерге қандай шара қолданылды? Ал облыс әкімі жауапты мекемелерге қандай нақты тапсырмалар жүктеді? 

 

 

Түркістан облысында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 18 мың шақырымға жуықтайды. Республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың дерлік 95 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен мәжілісте айтылды. Ресми мәлімет бойынша, биыл аймақта ұзындығы 11 мың шақырымнан асатын жол жөнделіп жатыр. Оның ішінде ауылдардағы 184 көше бар.

 

Биыл жол құрылысына 31 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінген. Жалпы жыл соңына дейін 445 шақырым жол пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Мәжілісте республикалық маңызы бар жолдардағы жөндеу жұмыстары да сөз болды. Облыста республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 678 шақырым. Биыл оның 128 шақырымыорташа және күрделі жөндеуден өтеді.

 

Жол сапасын арттыру мәселесі де күн тәртібінде. Мысалы, жыл басынан бері арнайы зертханалар 532 сынама алған. Нәтижесінде талапқа сәйкес келмеген құрылыс материалдарын пайдаланғаны үшін мердігер компанияларға 10 млн теңге айыппұл салынған. Сонымен бірге компаниялар қаражаты есебінен 15 мың шаршы метр немесе шамамен 120 млн теңгенің асфальт жабынын қайта төсеген. Жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров салаға жауапты қызметкерлерге жұмысты ширату жөнінде тапсырма берді.

 

Бұдан бөлек облыс әкімі аудан, қала әкімдеріне жол құрылысы нысандарындағы жұмыстарды жедел бастауды, мердігерлердің жауапкершілігін күшейтіп, сапасыз орындалған жұмыстар бойынша заң аясында шара қолдануды тапсырды. Жолдарды күтіп ұстау, қысқы маусымға дайындау жұмыстарын жүйелеу керектігін айтты. Ал «ҚазАвтоЖол»ұлттық компаниясының филиалына  ұсыныстар мен сын-ескертпелер айтты.

Дилара Иса