Түркістан облысында мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несие қаржысын заңсыз иемденді деген айыппен сотталғандарға үкім шықты. Кентау қалалық соты 27 адамға қатысты қылмыстық істі қарап, олардың бәрін кінәлі деп таныды. Айыпталушылардың бір бөлігі ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу бабы бойынша ақталса, алаяқтық бойынша жауапкершіліктен құтылмады. Тергеу дерегіне сәйкес, қылмыстық схема арқылы мемлекетке шамамен 3 миллиард теңге шығын келтірілген. Прокурорлар 6 жылдан 12 жылға дейін жаза сұраған. Ал сот қандай үкім шығарды? Айыпталушылар өз кінәсін мойындады ма? Мемлекетке келтірілген шығын қалай өндірілмек?
Түркістан облысы Кентау қалалық соты 27 адамға қатысты іске нүкте қойды. Сотталушылардың 15-і «Алаяқтық» бабымен айыпталған. Ал қалғаны осы бапқа қоса «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу» бабымен ісі сотқа жеткен.
Сот 12 адамды «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу» бабымен ақтап, оларды «Алаяқтық» бабымен кінәлі деп таныды. Қалған сотталушыларға тағылған айып өзгермеді. Сөйтіп сот 6 айыпталушыны алты жарым жылға, екеуін бес жарым жылға түрмеге жапты. 18 адамдың бас бостандығынан 5 жылға айырды. Бір сотталушыны 3 жылға қамады. Балалары бар сотталушылар жазасын 3 және 1 жылдан кейін, яғни балалары кәмелет жасына толғанда өтейтін болды.
Облыстық соттың дерегінше, басты екі сотталушы өздерінің қызметтік бабын пайдаланып, ұйымдасқан қылмыстық топты құрып, оған басшылық еткен. Қылмыстық топ мүшелері деп танылған 11 адамның және олардың 13 сыбайласының көмегімен алаяқтық жасап, аса ірі мөлшерде мемлекеттік бағдарлама аясында мал басын игеру үшін жеңілдетілген пайызбен берілетін несие қаржы сомасын иемденген. Сөйтіп меншікке қарсы ауыр санаттағы қылмыстарды жасады деп айыпталған. Нәтижесінде, шамамен 3 миллиард теңге шамасында мемлекетке шығын келтірген. Оның 700 миллион теңгеден астамын өтеген.
Прокурор соттан айыпталушыларды 6 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраған. Айыпталушылардың бәрі өздеріне тағылған айыппен келіспеген. Олар ұйымдасқан қылмыстық топты құрамында алаяқтық жолмен емес мемлекеттік бағдарлама аясында мал басын игеруге арналған жеңілдетілген несие алғанын айтып, өздерін ақтауды сұраған.
Іс бойынша «Аграрлық несие» корпорациясы акционерлік қоғамы және Түркістан облысының ауыл шаруашылық басқармасы сотталғандарға келтірілген материалдық зиянды өндіру туралы азаматтық талап қойған. Сот олардың талабын қанағаттандырған. Және шығын мөлшері туралы мәселені азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен соттың қарауына берген. Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енбеген.
Дилара Иса






