Úı ANONS Терезеден құлаған екі баланың бірі қайтыс болды

Терезеден құлаған екі баланың бірі қайтыс болды

Терезе – бала үшін үлкен қауіпке айналуы мүмкін. Шымкентте балалардың терезеден құлау жағдайы жиілеп барады. Жыл басынан бері алты бала биіктіктен құлап, үшеуі көз жұмған. Соңғы екі оқиғада бір бала ауруханаға жеткізілсе, екіншісі қайғылы жағдайдан аман қалмады. Мамандардың айтуынша, қайғылы оқиғалардың басым бөлігі ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруынан және терезедегі қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан болады. Баланың қауіпсіздігі үшін қандай шаралар қажет? Неліктен шыбын-шіркейден қорғайтын торға сенуге болмайды? Төтеншеліктер тұрғындарға қандай ескерту жасады?

 

Шымкентте соңғы күндері екі бала көпқабатты тұрғын үйдің терезесінен құлап кетті. Бірі ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілсе, екіншісі оқиға орнында көз жұмды. Екі жағдайда да балалар үйінде ата-анасының қарауынсыз қалған. Сондай-ақ, терезелер ашық болған және арнайы қорғаныс құрылғылары орнатылмаған.

 

Бұл – жыл басынан бері тіркелген алтыншы қайғылы жағдай. Осы уақыт ішінде алты бала терезеден құлап, түрлі дене  жарақатын алған. Өкінішке қарай, үшеуі қайтыс болған. Қазір дәрігерлер аман қалған балалардың өмірі үшін күресіп жатыр.

 

«Көпқабатты үйлерде қауіп көп қой. Балалар балконнан шығып кетуі мүмкін. Терезеден. Бала деген ойнайды ғой. Олар әлі дұрыс-бұрыс нәрсені түсінбейді. Сондықтан қауіпсіздік ережесін сақтап, терезелерді бекіткен дұрыс деп ойлаймын».

«Шынында да үйде бала болса қауіпсіздік талаптарын сақтау керек. Терезеге темір тор қою керек. Ең болмағанда терезе түбіне ешқандай жиһазды қоймаған дұрыс. Бала ғой, қауіпті сезбейді».

«Жоғарғы қабатта тұратындар, бірінші кезекте терезеге темір қоршау қою керек. 3-4 жастағы балалар ойнап жүріп, құлап кетуі мүмкін. Көрші үйлерде екі рет бала құлады. Өте өкінішті жағдай».

 

Қазір жаз мезгілі. Балалардың демалысқа шыққан уақыты. Осыған байланысты төтеншеліктер ата-аналар мен заңды өкілдерді балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән беруге шақырады. Мамандар тұрғын үйлерді аралап, түсіндіру жұмыстарын барынша жүргізіп жатыр.

 

«Отырар» телеарнасының түсірілім тобы мамандармен бірге көпқабатты үйлерді аралап көрді. Тұрғындардың басым бөлігі есік ашпады. Ал пәтерлердегі көптеген терезеде арнайы қорғаныс құрылғылары болмай шықты. Көбі шыбын-шіркейден қорғайтын тор орнатқан. Алайда мамандар оның бала салмағын көтермейтінін ескертеді.

 

АСҚАР ШӘРІП, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: «Бұл дегеніміз қазіргі таңда назар аударатын жайт болып табылады. Қала аумағында ауа-райының жылуына байланысты тұрғындар үйді желдету кезінде терезелерді ашық қалдыруды құп көреді. Терезе жарық пен таза ауаның қайнар көзі болғанымен, үлкен қауіптің де қайнар көзі. Болып жатқан жағдайлардың барлығы ата-аналардың, ересектердің балаларды қараусыз қалдыруынан. Сосын ашық терезе алдында балалардың жалғыз қалуы. Одан кейін маскит торды қандай да бір қауіпсіздік кепілі деп санайды ата-аналар. Маскит тор балалардың салмағын көп жағдайда ұстай бермейді».

 

Төтенше жағдайлар департаменті балалардың терезеден құлау жағдайының  алдын алу мақсатында бірнеше іс-шара өткізіп жатыр. Мысалы, кәсіпкерлердің қолдауымен 130-ға жуық терезені бекіту құрылғысы орнатылған. 170 көрқабатты тұрғын үй тұрғындарына түсіндіру жұмысын жүргізген. Арнайы хабарламалар мен жадынамалар таратылған.  Мамандар әсіресе терезе алдына қандай да бір жиһаз қоймауға шақырады.  Бұл қауіпті күшейтеді дейді. Айта кетейік, өткен жылы қалада 5 бала терезеден құлап кеткен болатын.

Дилара Иса