Úı ANONS 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды

5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды

Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында соңғы үш жылда 4 мыңнан астам жоба қаржыландырылып, 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл тағы 15,3 миллиард теңге бөлініп, мыңнан астам жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Өңірде қандай жаңа өндірістер ашылады? Бағдарламаның әлеуметтік-экономикалық тиімділігі қандай?

 

«Ауыл аманаты» бағдарламасымен Түркістан облысында 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде хабарланды. Жалпы  өткен екі жылда жобаны жүзеге асыру мақсатында республикалық бюджеттен 30  млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Оның бәрі игеріліп, бағдарламаға сай 6 бағыт бойынша  4 223 жоба несиелендірілген.

 

Таратып айтқанда, бағдарламамен өсімдік шаруашылығы саласында 597 жоба, мал шаруашылығында 3155 жоба, құс шаруашылығы бағытында 22 жоба және балық шаруашылығында 53 жоба жүзеге асқан. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы кооперативтерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге бағытталған 150 жоба мен тұрғындардың өз кәсібін ашуына арналған 279 жоба іске қосылған. Жиында облыс әкімі жобаларды іске асыру барысында нақты нәтижеге басымдық беру қажеттігін атап өтіп, жауапты сала мамандарына бірқатар тапсырма жүктеді.

 

Нұралхан Көшеров бағдарлама бойынша жұмыс орындарын көбейтіп қана қоймай экономиканы дамытуға нақты серпін беретін жобаларды іріктеп, оны қолдауды жалғастыру керектігін ескертті. Ауыл шаруашылығы ғана емес, кәсіпкерлік, өндірісті дамытатын жобаларды да қолдау керектігін жеткізді.  Айта кетейік, жоба аясында 600-ге жуық жылыжай салынған, 80-ге тарта өңдеу кәсіпорны жұмысын бастаған.  Ал мал басы 77 мыңға артқан. Нәтижесінде, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 441 адамға азайған.

Дилара Иса